«Қазақстанда кемтар жандар неге көп?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 22 сәуір,сейсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Ресейдің Самара қаласында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Кіші құрылтайы үлкен табыспен өтті. Құрылтай аясында Елбасының дәстүрлі Жолдауы талқыланып, Ресей қазақтарының 10-шы мерейтойлық Наурызы тойланды. Бұл жайында «Аһ, Cамара қаласы!..» атты көлемді мақаладан оқи аласыздар.

Осы басылымда «Науқан ерте басталады» деген мақала басылды. Ерте келген көктем шығысқазақстандық диқандарды дер кезінде егіс даласынан табылуға міндеттеді. Қар әбдекей түсе еріп кеткендіктен, наурыздың екінші жартысы мен сәуірдің басында күн күрт жылынып, температура 20-25 градус шамасына дейін көтерілді. Ауа райының жылдағыдан ерте жылынуы өңірдегі шаруашылықтарға топырақтағы ылғалды сақтауды және егістік жұмыстарына шұғыл әзірленуді талап етті. Аталған жайт егіс алқаптары мол Зырян, Глубокое аудандарына қолайлы жағдай жасаса, Көкпекті, Бородулиха және Шемонайха аудандарына бірқатар қосымша міндеттер артты.

***

«Айқын» басылымының жазуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау мекемесі қарапайым қазақстандықтарға қамқорлық пен жанашырлық танытудың орнына, жер-жебіріне жетіп ұрысады екен. Кеше «Үкімет сағаты» аясында есеп беруге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова келген болатын, қалаулылар оның бағынысындағылардың әдепсіздігіне назар аудартты. Оған жауап ретінде министр ханым дөрекі қызметшілерден қатарды тазалап жатқандарын жария етті. - Сайлаушылармен кездескенде, жарымжан жандар тарапынан «мүгедектік» мәртебе ала алмай жүргендігіне қатысты шағымдар естиміз, - деді депутат Нұртай Сабильянов. - Олардың мәліметтерін біз сіздерге де жіберіп жатырмыз. Бірақ көбінесе шығарып-салма жауап аламыз. Жергілікті жерлердегі медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізетін мамандардың жауапкершілігі арттырылса деген ұсынысым бар. Өйткені олар көбінесе қабылдауына келген азаматтарға теріс көзбен қарайды. Ұрысады, ар-намысына тиетін сөздер айтады, - деген қалаулы министрден әсіресе, Семей полигонынан зардап шеккен адамдары көп Шығыс Қазақстан облысындағы жағдайға қатты назар аударуды сұрады. Осы жайында «Қазақстанда кемтар жандар неге көп?» деген мақаладан оқи аласыздар.

Осы басылымда «Көлік алсаң, көзіңді жұмба» атты материал берілген. Шығыс Қазақстан облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінің мамандары кедендік құны шамамен 1 млн теңгеге төмендетілген қымбат шетелдік автокөлікті әкелу дерегін анықтады.

Америка Құрама Штаттарынан әкелінген 2013 жылы шыққан «DODGE RAM 1500» маркалы Джип-пикаптың автокөлік декларациясында мәлімделген құн толық тексеру жүргізудің себебіне айналды. Декларанттың ШҚО бойынша Кедендік бақылау департаментінің «Семей» кеден бекетіне ресімдеуге ұсынған құжаттарының ішінде «SALVAGE», яғни ақаулы көлік құралдары таңбасы қойылған көлік құралының тіркеу сертификаты да болды. Кедендік тазартуға мәлімделген құн 1 млн. 766 мың теңгені құрады. Жөнсіздіктен сезіктенген кеденшілер қымбат автокөліктің тарихы туралы ақпаратты және ол түскен жол апаты туралы мәлімет іздей бастады. Нәтижесінде «CARFAX» есептерінде, аукцион деректерінде бұзылғандығы туралы ешбір мәлімет жоқ. Есептей келгенде Джиптің кедендік құнын 4 млн. 404,7 мың теңгені құрады, төленбеген кедендік төлемдер мен салықтардың сомасы 989,2 мың теңгені құрады. Осы факт бойынша ШҚО бойынша Кедендік бақылау департаменті Контрабандаға қарсы күрес басқармасы қызметкерлерімен ҚР ҚК-нің 209-бабы 1-тармағымен (экономикалық контрабанда), яғни ҚР кеден шекарасы арқылы кедендік бақылаудан тыс автокөлік құралын заңсыз өткізу бойынша қылмыстық іс қозғалды.

***

«Жас қазақ» басылымының соңғы санында «Ақтаудағы «Аққудан» шу шықты» деген мақала жарияланды. Ақтауда осыдан бірнеше жыл бұрын басталған «Аққу» шағынауданының құрылысы бүгінде тоқтап тұр. Үй аламын деп «Тұрғынүй­құрылысжинақ» банкі арқылы қаражат салған 400-ге жуық үлескердің баспана кілтін күтіп жүргеніне, биыл үшінші жыл. Үйді күте-күте шаршаған үлескерлердің бір тобы облыстық әкімдікке хат жазып, жобаға жауапты адамдармен кездесуді сұраған болатын. Нәтижесінде, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Сүйіндік Алдашев бастаған лауазымды тұлғалар құрылыс алаңына келіп, үлескерлермен кездесті. Көптен күткен баспаналарына қол жеткізе алмай жүрген үлескерлер сабырға келіп, шенеунікпен ашық сөйлесті. Сонымен осы бір түйінді мәселені шешу үшін арнайы жұмыс тобы құрылатын болды. Құрылыс алаңына адам көп жиналды. Бәрі үй кезегін күтуден шаршаған, сондықтан ашулы. Тұрғындар алғашқы болып сөз алған «Тұрғынүй­құрылысжинақ» банкі өкілдерін тыңдағылары да келмеді.

***

«Экспресс-К» басылымының бүгінгі санында «Ну кто так строит?» атты мақала берілген. Қарағандыда жергілікті құрылысшылар мен Өңірлік даму министрлігі сарапшылары арасында дау-дамай туындап келеді. Тексерушілер тұрғын үйлердің құрылысында өрескел кемшіліктерді анықтаған көрінеді. Мамандардың мәліметіне қарағанда, бұрнағы жылы құлап қалған «Бесоба» үйінің орнына салынып жатқан «Шапағат» жаңа ықшамауданында құрылыс сапасы көңіл көншітпейді. Сонымен қатар бұл тізімге «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша салынып жатқан тағы бірнеше үй енген екен.

Соңғы жаңалықтар