Қазақстанда кең ауқымды қайырымдылық акция-телемарафоны басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қыркүйектің соңына дейін Қазақстанда «Шын жүректен» қайырымдылық акция-телемарафоны өтеді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында мәлім болды.
«Бүгіннен бастап осы ай бойы Қазақстанда қайырымдылық үлкен шаралар қамтылмақ. Өздеріңізге белгілі, Елбасы ҚХА сессиясында берген тапсырмасына орай, бүкіл қайырымдылық шаралар Ассамблеяның айналасында үйлестіріліп жатыр. Естеріңізде болса, биылғы көктемде Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қазақстан» РТРК» АҚ-мен «Шын жүректен» кең ауқымды үш күндік телемарафон өткізген болатын. Бұл жобаға байланысты елімізде осы күнге дейіні ізгі ниеттер айтылуда»,-деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов.
Осы ретте ол Қазақстанда қайырымдылықпен айналысатындар саны жыл сайын елеулі түрде артып келе жатқанын атап өтті.
Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, қазақстандықтар үшін «Шын жүректен» жобасының маңыздылығы мен қажеттілігі өте жоғары. Себебі, осы күнге дейін ұйымдастырушыларға еліміздің азаматтары тарапынан көптеген өміршең мәселелерді шешу бойынша өтініштер келіп түсуде. Бүгінгі таңда 1200-ден астам өтініш келіп түскендіктен «Қазақстан» РТРК» АҚ медиаәріптесімен тұрақты түрде тоқсан сайын осы жобаны өткізу туралы шешім қабылданды. «Шын жүректен» қайырымдылық шарасына қазақстандықтарды жаппай тарту мақсатымен 7-29 қыркүйек аралығында қайырымдылық айы өтіп, соңында кең ауқымды телемарафонмен аяқтау жоспарланып отыр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, республикалық акция-телемарафоны көмекке мұқтаж азаматтарға жәрдем жасауға арналған. Бұл игі шараны ҚХА, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» қоғамдық қоры және «Қазақстан» РТРК» АҚ ұйымдастырып отыр.