Қазақстанда кеңжолақты Интернетке қол жетімділік ұлғаюда

АСТАНА.  20 тамыз. ҚазАқпарат -  Қазақстанда 2010-2014 жылдарға арналған ақпараттық және коммуникациялық даму бағдарламасының аясында Интернетке CDMA-450/EVDO, FTTН және Wi-Fi технологиялары бойынша кеңжолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар жүзеге асырылуда.

Қазақстанда кеңжолақты Интернетке қол жетімділік ұлғаюда

ҚР Көлік және коммуникация министрлігі облыстардың әкімдіктерімен және байланыс операторларымен бірлесіп қоғамдық орындарда Wi-Fi технологиясы бойынша Интернет желісіне қолжетімділікті дамыту жөніндегі жұмыстарды жүргізуде.

ККМ хабарлағандай, 2012 жылдың І тоқсанында 406 орын Wi-Fi-мен қамтамасыз етілген. Олардағы қолжетімділік нүктесінің саны 1894 (2011 жылы - 1816) құрайды, олардың ішінде ақысыз жұмыс істейтіні - 1137 (2011 жылы - 1067) нүкте.

Сондай-ақ, CDMA 450/EVDO технологиясы бойынша орналасқан орнына, желінің әрекет ету шегіне, сондай-ақ қозғалыс жағдайына қарамастан  жоғары жылдамдықтағы мәліметтер беру пакетіне қолжетімділік ашылуда.

Қазіргі кезде EVDO технологиясын қолданылатын КЖҚ қызметін Қостанай, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Алматы, Ақтөбе облыстары пайдалана алады. 2012 жылдың соңына дейін Қарағанды, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары интернетке қол жеткізе алады. Жобаны 2015 жылы аяқтау көзделіп отыр.

Бұдан басқа, республикадағы интернет желісінің жылдамдығы пен сапасын жақсарту үшін 2010 жылдан бастап FTTH пассивті отпикалық технологиясын қолданатын желілер салынуда. Аталған технология қазірдің өзінде  ақпарат беру жылдамдығы 100 Мбит/с болатын  50 мыңдай FTTH портын қосуға мүмкіндік береді.

Аталған жобаны жүзеге асыру нәтижесінде Астана, Алматы, Семей, Жаңаөзен қалаларының 146 нысандары мен облыс орталықтарының 3718 көппәтерлі үйлері мен 2775 коттедждері интернетпен қамтыған. Барлық қалалар мен облыс орталықтарында FTTH технологиясы бойынша интернетті дамытуды 2015 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

2008-2011 жылдар аралығында желіні пайдаланушылар саны әр 100 тұрғынға шаққанда 15,1 ден 50,6 дейін артқан. 2012 жылдың қаңтарынан бастап «Қазақтелеком» АҚ байланыс операторлары үшін Интернет желісіне қосылудың бағасын ең төменгі шекке дейін: трафикті есептегенде - 35%,  трафикті есептемегенде - 27% төмендеткен.

Кеңжолақты қолжетімділік мәліметтерді берудің жоғары жылдамдығын және реттеуші қосқыштарды орнатпай-ақ Интернетке тұрақты қосылуды қамтамасыз етеді. Қазақстанда КЖҚ енгізу бұлтты технологиялар, дистанциондық электрондық үрдістер, есептеулерді виртуалдандыру және тағы басқа көптеген инновациялық қызметтерді дамытуға мүмкіндік береді.