Қазақстанда кезектен тыс Президенттік сайлауға кандидаттарды ұсыну аяқталды
АСТАНА. 21 ақпан. қазАқпарат - Кеше, 20 ақпан күні елімізде 3 сәуірде өтетін кезектен тыс Президенттік сайлауға кандидаттарды ұсыну аяқталды.
ҚР Орталық сайлау комиссиясының деректеріне сүйенсек, 20 ақпан аяқталған күнгі жағдай бойынша Мемлекет басшысының лауазымынан үміттенген барлығы 22 адам өтініш берді. Олардың ішінде үш кандидатты саяси партиялар, атап айтқанда қазіргі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясы, Жамбыл Ахметбековты Қазақстанның Коммунистік Халық партиясы, Ғани Қасымовты Қазақстан Патриоттар партиясы, ал бір кандидатты - Құрманғазы Рахметовты «Желтоқсан» Республикалық халықтық-патриоттық қозғалысы» Республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынды.
Қалған 18 кандидат, айтқанда Сәлім Өтен, Уәлихан Қайсаров, Мұсағали Дуамбеков, Амантай қажы Асылбек, Қанат Есжанов, Қанат Турагелдиев, Зәуре Масина, Советқазы Нұрсила, Толыбай Баймурзин, Гүлдана Тоқбаева, Майя Қарамаева, Адалбек Құнанбаев, Мэлс Елеусізов, Мейрамкүл Қожағұлова, Жақсыбай Базылбаев, Мұрат Телібеков, Біржан Ділмағамбет, Құрманғазы Рахметов және Серік Сапарғали өзін-өзі ұсынғандар.
Орталық сайлау комиссиясы өтініш бергендердің ішінен әзірге жалғыз үміткерді - Нұрсұлтан Назарбаевты ғана ҚР Президенттігіне кандидат ретінде ресми түрде тіркеді. Нұрсұлтан Назарбаевты қолдап республиканың 16 өңірінен 717 мың 340 сайлаушының қолы жиналған. Бұл белсенді сайлау құқығы бар азаматтардың 8 пайызға жуығын құрайды.
Қазіргі сәттегі жағдай төрт үміткер - Сәлім Өтен, Мұсағали Дуамбеков, Мэлс Елеусізов және Гүлдана Тоқбаева
Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның сынынан өтіп, бүгінде өздерін қолдаушылардың қолдарын жинауға кірісіп кетті. Ал Ғани Қасымов мемлекеттік тілден емтиханды сәтті тапсырды. Енді Ғани Қасымовтың заңнама талаптарына және үміткердің президенттік қызметке сәйкес келетіндігі туралы қаулы қабылдануы және оған қол жинау парақтарының берілуі күтілуде.
Ал бес үміткер, атап айтқанда Уәлихан Қайсаров, Қанат Есжанов, Майя Қарамаева, Толыбай Баймурзин және Адалбек Құнанбаев мемлекеттік тілден емтиханды тапсыра алмады. ОСК Адалбек Құнанбаевтан өзгесін Президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тарты. ОСК Адалбек Құнанбаевтың кандидатурасын ресми тіркеуден бас тарту туралы тиісті қаулыны алдағы уақытта қабылдайды деп күтілуде.
Екі кандидат, атап айтқанда зейнеткер Сәуле Масина 15 ақпанда және жұмыссыз Советқазы Нұрсила 17 ақпанда өз кандидатураларын алып тастады. Бір кандидат - Амантай қажы Асылбек қатарынан екі рет лингвистикалық комиссияның отырысына келмей қалды.
Қалған алты кандидат - Мейрамкүл Қожағұлова, Жақсыбай Базылбаев, Мұрат Телібеков, Біржан Ділмағамбет, Құрманғазы Рахметов және Серік Сапарғалилардың мемлекеттік тілден емтихан тапсыратын даталарын күтуде.
Айта кетейік, Лингвистикалық комиссияның сынынан өткен кандидаттар 2 наурызға дейін Президенттікке үміткер ретінде тіркеу үшін қажетті құжаттарды ұсынулары тиіс. Орталық сайлау комиссиясы қабылдаған қаулыға сәйкес, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидатты қолдап, расталған қолдардың - 91 мың 10 қолды құрауы тиіс. Қол жинауды кандидаттардың сенім білдірілген адамдары жүргізеді. Қол жинау топтарының саны мен ондағы адамдар саны шектелмейді. Қол қою парақтарының бүлінуі немесе жоғалып қалуы мүмкіндігін ескере отырып, ОСК әрбір кандидатқа 100 мың қол жинауға жететіндей етіп, 5 мың дана қол қою парақтарын береді. Қажет болған жағдайда кандидаттарға тағы қосымша қол қою парақтары беріледі.
Толтырылған қол қою парақтары аумақтық сайлау комиссиясына тапсырылады, олар бес күн ішінде қолдардың растығын паспорт қызметі қызметкерлерінің қатысуымен тексеріп, тиісті хаттама жасайды және оны Орталық сайлау комиссиясына жібереді.Қолдардың растығын тексеру Президенттікке кандидатқа қажет қолдар расталғанға дейін жүргізіледі. Азаматтардың 91 мың 10 қолы расталғаннан кейін, қалған қолдардың растығы тексерілмейді.
Президенттіккке кандидаттарды тіркеу үміткерлердің жоғары мемлекеттік лауазымға барлық қажетті құжаттарды тапсырғаннан кейін басталады және 2 наурызда аяқталады. Сайлауалды үгіт-насихат кампаниясы 3 наурызда басталады және 1 сәуірде аяқталады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам; сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам Қазақстан Республикасының Президенттігін кандидат бола алмайды.
Қазақстан Республикасының Президентiн конституциялық заңға сәйкес жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде Республиканың кәмелетке толған азаматтары жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзiмге сайлайды. Республика Президентi болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын қырық жасқа толған, мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген әрi Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын Республика азаматы сайлана алады.
Айта кетейік, 31 қаңтар күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2011 жылғы 14 қаңтарда Парламент қабылдаған, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының Президенттік өкілеттігін референдум арқылы ұзарту мүмкіндігін қарастырған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерту мен толықтыру енгізу туралы Заңды Конституцияға сәйкес емес деп таныған қаулысына байланысты Қазақстан халқына Үндеу арнады. Президент Үндеуінде Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөніндегі референдумды өткізбеу туралы шешім қабылдағанын, Қазақстанда мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы Парламентке ұсыныс енгізетінін айтты.
1 ақпанда ҚР Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір Конституциялық заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын өндіріске алды. Ал бүгін, 3 ақпан күні түске дейін Төменгі палата депутаттары «ҚР кейбір Конституциялық заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» ҚР Конституциялық заңының жобасын мақұлдап, оны Санатқа жіберген болатын. Түс ауа Сенат Қазақстанда мерзімінен бұрын Президенттік сайлау өткізуді қарастыратын аталмыш заңды қабылдап, Мемлекет басшысының қол қоюына жіберді.
3 ақпанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда кезектен тыс Президенттік сайлау өткізу мүмкіндігін белгілейтін конституциялық Заңға, атап айтқанда «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» конституциялық заңдарды іске асыруға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Конституциялық заңға қол қойды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2011 жылдың 3 сәуіріне тағайындалды.