Қазақстанда киік етін қайдан алуға болады

АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы министрлігі өңдеуші кәсіпорындарға киік етінің килограмын 1 600 теңгеден сатуды ұсынды. Алайда, агенттік тілшісі анықтағандай, еліміздегі базар сөрелерінде бұл өнім әзірге жоқ.

сайгак
Коллаж: Kazinform / Gov.kz/ Canva/ violity.com

Сауда және интеграция министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірлік департаменттердің деректері бойынша киік еті бөлшек саудада сатылмайды. Көп жағдайда шаруалар етті өңдеу цехтарына өткізеді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес, өңдеуші кәсіпорындар киік етін тұтас туша күйінде алдын ала берілген тапсырыс бойынша сатады, ал өнімнің бір бөлігі консерві өндіруге жіберіледі. Киік етінен консерв шығаратын кәсіпорындар қатарында «Кублей» ЖШС, «Торғай ет» ЖШС және «Ұлы дала К» ЖШС бар. Демек, нарықта бұл өнім консерві түрінде де ұсынылуы мүмкін.

Қазіргі таңда елімізде тәулігіне 4 140 киікке дейін өңдеуге қуатты 25 ет қабылдау нысаны жұмыс істейді. Барлығы 4 374 тушаға 108 ветеринариялық анықтама берілген.

Еске сала кетсек, шілде айының басынан бері Қазақстанда киік санын реттеу мақсатында ату жүргізілуде.

Экология министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, бұл шешім Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Зоология институты ғалымдарының биологиялық негіздемесі мен Австралия, Финляндия, Канада, АҚШ және ОАР елдерінің жабайы жануарлар популяциясын тұрақты басқару тәжірибесі ескеріле отырып қабылданған.

Министр сонымен бірге киік етінің сапасына күмәнданбауға шақырды. Оның айтуынша, өнім қатаң ветеринариялық бақылаудан өтеді.

Бұған дейін Батыс Қазақстан облысының ғалымдары киік етінен шұжық өнімдерін дайындау бойынша ғылыми әзірлемесін таныстырған болатын.

Соңғы жаңалықтар