Қазақстанда кинематография экономиканың табыс әкелетін бір саласына айналуы тиіс - Дидар Амантай
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Достық үйінде» ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты ұйымдастырған «Қазақстан Республикасындағы кинематографияны 2050 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы жобасы» және «Кино туралы» заң жобасын талқылау бойынша кезекті дөңгелек үстел өтті.
Оған белгілі кинематографистер, мәдениет және өнер саласының мамандары, ғалымдар және жас режиссерлер қатысты.
«Біз кинематографияны тек қана өнер емес, сонымен қатар, экономиканың табыс әкелетін үлкен бір саласы ретінде қарастырғымыз келеді. Ол солай болуы тиіс. Ал бұл үшін жеке заң қажет. Ол заңда кино саласын толығымен реттейтін және осы кино саласына инвестиция жұмсайтын отандық және шетелдік компаниялардың мүддесін, құқықтарын қорғайтын нормалар болуы керек. Сондықтан, қазіргі қолда бар «Кино туралы» заң жобасын мықтап қолға алдық. Бұл жұмысқа, кино саласының мамандарын, ғылыми, мәдени институттардың ғалымдарын тартып, ақылдасып, өз ұсыныстарымызды ортаға салып жатырмыз. Бұл жаңа заң жобасында кино өндірісінің барлық кезеңі - кино түсіру туралы идеядан бастап, фильм экранға шыққанға дейінгі кезеңдердің барлығы толығымен қамтылған. Біздің басты мақсатымыз - кино саласын өзін-өзі реттей алатын, өз шығынын өзі өтей алатын жүйеге айналдыру», - деді белгілі жазушы, сценарист, кинематографист Дидар Амантай.
Айта кетелік, «Кино туралы» заң жобасы 2017 жылы талқыланатын заң жобаларының тізіміне енгізілді. Яғни, алдағы жылы бұл заң жобасы ҚР Парламенті депутаттарының қатысуымен мемлекеттік деңгейде талқыланатын болады. Бірақ, ол келесі жылы қабылдана ма, жоқ па, ол бірінші кезекте кино саласы мамандары мен халық қалаулыларының ерік-жігеріне байланысты.