Қазақстанда киноны дамытудың 2050 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда кино саласын дамытудың 2050 жылға дейінгі тұжырымдамасы даярланды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Қазақстан Кинематографистері одағының теңтөрағасы Ахат Ыбраев мәлім етті.

Қазақстанда киноны дамытудың 2050 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленді

«Бұл соңғы бірнеше жылда кино саласында әзірленген ең маңызды құжаттардың бірі», - деп атап өтті А. Ыбраев.

Оның айтуынша, даярланған тұжырымдамаға нормативтік-құқықтық актілердің тізбесі еніп отыр. Осы ретте бұл заңнамалық құжаттар бюджетке жүктемені жеңілдетуге мүмкіндік береді.

«Тұжырымдамадағы ең басты бағытқа тоқталсақ, біз жергілікті өндірушілерге де салықтық жеңілдіктерді қарастырып отырмыз», - деді ол.

Бұдан бөлек, ол кино саласындағыларды прокат және дистрибуция жүйесіндегі ашықтық көбінесе алаңдататынын жеткізді.

«Тұжырымдама аясында бірыңғай электронды жүйені енгізу ескеріліп отыр, бұл өз кезегінде билеттер сатылымын онлайн-режімде байқап отыруға көмектеседі. Осы бағыттағы шаралар біздің саланың инвесторлар үшін тартымдылығын арттыруға септігін тигізеді деп білемін», - деді ол.

Сонымен қатар А. Ыбраев халықаралық ынтымақтастықты дамыту тұрғысында бірнеше қадам бар екенін сөз етті.

«Бұл бағыттағы мәселені шешудегі нұсқалардың біріне тоқталсақ,  «Қазақфильм» киностудиясы аумағында АЭА мәртебесін енгізу ескерілуде, сондай-ақ шетелдік өндірушілер үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылмақ», - деп түйіндеді сөзін ол.