Қазақстанда Қытай автомобильдері импорты артқан – сарапшы пікірі

авто
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылы елімізде қытайлық брендтердің 50 мыңға жуық жаңа автокөлігі сатылды. Бұл отандық авто нарықтың төрттен бірін құрайды. Осы орайда сарапшы Қазақстанға Қытай автомобильдері импортының жоғары көрсеткішіне қатысты түсініктеме берді. 

Айта кетсек, елімізге әрбір екінші көліктің Қытайдан әкелітіні туралы хабарлаған едік.Биыл қаңтар-ақпан айларында Қытайдан 10,1 мың автокөлік жеткізілген.

Қазақстан автомобиль нарығын мониторингілеу және талдау агенттігінің директоры Артур Мискарянның айтуынша, мұндай статистикалық деректер әдетте жаңа және пайдаланылған автомобильдерді, сондай-ақ машина жиынтықтарын (яғни бөлшектеп әкелініп Қазақстанда жиналатын автомобиль-конструкторлар) есепке алады.

«Бірақ, жалпы алғанда, біздің нарықтағы Қытай брендтерінің үлесі туралы айтатын болсақ, өткен жылдың қорытындысы бойынша қытай брендтері елімізде 50 мыңға жуық автокөлікті сатты. Бұл ішкі автонарықтың шамамен 25% құрайды», – деді Артур Мискарян елордада өтіп жатқан «Automechanika Astana» автокөрмесінде.

Сарапшы айтуынша, қазақстандық нарық шетелдік көлік құралдары мен автокомпоненттер өндірушілерін аса қызықтырады. 

«Біріншіден, ішкі нарықтың өсуіне байланысты. Екіншіден, қолайлы географиялық орналасуына және Қазақстанда өнімді көрші елдерге жеткізу үшін алаң құру мүмкіндігімен байланысты», - дейді ол. 

Айта кетейік, елордада «Automechanika Astana» атты халықаралық автокөрме өтіп жатыр. Ол автомобиль өнеркәсібінің, дилерлік орталықтардың, қызмет көрсету және жөндеу сегменттерінің өкілдерін біріктіретін халықаралық платформа. 

Үш күнге (17-19 сәуір) созылатын автокөрмеге 20 елден автокомпания мен оның өкілдері қатысып жатыр.

Соңғы жаңалықтар