Қазақстанда климатқа төзімді үйлер салына ма
АСТАНА. KAZINFORM – Климаттың өзгеруі қалалардың қалай жоспарланып, салынатынына жаңа талап қойып отыр. Аптап ыстық, су тапшылығы, нөсер жауын сияқты тәуекелдер күшейген сайын Қазақстан қалалары оларға бейімделуге дайын болуы керек. Ол үшін құрылыс пен қала инфрақұрылымында қандай шешімдер қажет? Kazinform тілшісі тақырыпты сарапшылармен бірге талдады.
Қалалар климатқа қалай бейімделуі тиіс?
Климаттың өзгеруіне бейімделу қаланы жоспарлаудан басталады. Асфальт пен бетонның шамадан тыс көп болуы, жасыл желектің аздығы мен құрылыс тығыздығының артуы қаланың қызып кетуін күшейтеді. Ал су өткізбейтін жабындар нөсер жауын кезінде судың жерге сіңуін шектеп, көшелер мен аулаларда су жиналу қаупін арттырады. Сондықтан климатқа бейімделу мәселесі жаңа ғимараттың жобасына дейін-ақ қаланың кеңістіктік жоспарлауында ескерілуі қажет.
Мысалы, Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарында көгалдандыру аумағын кеңейту, табиғи кешендерді сақтау, экологиялық жағдайды жақсарту және қаланың кеңістіктік құрылымын жетілдіру міндеттері қарастырылған.
– Қала аумағын жоспарлау кезінде функционалдық және экологиялық аймақтармен қатар, су қорғау белдеулері, инженерлік-геологиялық жағдайлар мен желдің бағыты ескеріледі. Мұндай талаптардың барлығы климаттық тәуекелдерді азайтуға бағытталған, – делінген Алматы қалалық құрылыс басқармасының жауабында.
Мамандар жобаларды қарау кезінде аэродинамикалық модельдеу арқылы жел ағынының қозғалысын бағалайтынын атап өтеді. Бұл тәсіл ғимараттарды орналастырғанда табиғи ауа алмасуын сақтауға мүмкіндік береді. Қаладағы құрылыс тығыз болған сайын, әсіресе, ыстық кезеңде жел айналымы мен микроклиматтың маңызы арта түседі.
Қалалық ортаның қызып кетуін азайту үшін жоспарлау деңгейінде жасыл шатырлар, тік көгалдандыру, жарқын түсті құрылыс материалдары, су өткізгіш жабындар мен жаңбыр бақтары сияқты шешімдерді қолдануға болады. Мұндай тәсілдер бір жағынан жазғы ыстықтың әсерін төмендетсе, екінші жағынан жауын-шашын кезінде суды жинақтап, оның қалалық жүйеге түсетін жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Яғни көгалдандыру мен су инфрақұрылымы климаттық бейімделудің бір бөлігі ретінде қарастырылуы тиіс.
Қаланы полицентрлік қағидатпен дамыту да климаттық тұрғыдан маңызды. Тұрғындарға жұмыс, білім беру, қызмет көрсету және демалыс орындарына ұзақ қашықтыққа барудың қажеті азайса, көлікке тәуелділік пен жол жүктемесі төмендейді. Сонымен бірге тау бөктеріндегі шамадан тыс тығыз құрылысты шектеу мен өзара байланысқан жасыл аумақтарды сақтау қаланың микроклиматын жақсартуға ықпал етуі мүмкін.
Урбанист, «Vision Zero Community Foundation» қорының жетекшісі Ерқанат Зайытовтың айтуынша, энергия тиімді ғимараттың өзі дұрыс жоспарланбаған аумақта орналасса, тұрғындарға қажетті жайлылықты толық қамтамасыз ете алмайды.
– Егер ғимараттың айналасында асфальт пен автотұрақ көп, ағаш аз және ауа айналымы нашар болса, жаз мезгілінде үйдің айналасындағы температура жоғарылап, оның ішкі кеңістігі де қатты қызуы мүмкін. Сондықтан энергия тиімділігін тек ғимараттың қабырғасы, терезесі немесе жылу жүйесімен шектемей, оның айналасындағы аула, көше және жалпы ауданның жоспарлануын бірге қарастыру қажет, – деді урбанист.
Бұл жерде ағаштарды сақтау да маңызды. Ересек ағаштар көлеңке беріп қана қоймай, қалалық кеңістіктегі температураны төмендетуге ықпал етеді. Сондықтан оларды жаяу жүргінші жолдарының, аулалардың, балалар алаңының және қоғамдық көлік аялдамаларының маңында сақтап, жаңа аудандарды жоспарлау кезінде құрылыс аралықтарының арақатынасы, ғимараттардың бағыты, көлеңкелі жаяу маршруттар мен жасыл дәліздер алдын ала қарастырылуы керек.
Құрылыс кезінде климат өзгерісін ескеру маңызды
Алматы бас жоспары мекемесі мамандарының айтуынша, ғимараттың оңтүстік және батыс бөліктерінде үлкен әйнек беттерді сыртқы көлеңкелеу жүйесінсіз қолдану жаз мезгілінде ішкі кеңістіктің шамадан тыс қызуына алып келуі мүмкін. Сондықтан күннен қорғайтын әйнек, көлеңкелеу элементтері мен лоджиялар ғимараттың кейінгі кезеңінде емес, жобалау кезінде бірден қарастырылғаны дұрыс.
– Желдетілетін қасбеттер, сапалы жылу оқшаулағыш материалдар мен дұрыс есептелген қоршау конструкциялары қыста жылуды сақтауға, ал жазда ғимараттың шамадан тыс қызуын төмендетуге мүмкіндік береді. Энергия тиімділігі – климатқа бейімделудің маңызды құралдарының бірі, – делінген мекеменің редакцияға жауабында.
Эколог, тұрақты даму бойынша сарапшы Лаура Сейілбектің пікірінше, ғимарат жобалағанда тек бұрынғы жылдардың климаттық жағдайларына сүйену жеткіліксіз. Себебі жаңа тұрғын үй немесе қоғамдық нысан бірнеше онжылдық бойы пайдаланылуы мүмкін, ал осы кезеңде температуралық режим, жауын-шашын сипаты және су ресурстарының қолжетімділігі өзгеруі ықтимал. Сондықтан ғимараттың 20–30 жылдық пайдалану мерзіміндегі климаттық жағдайларды алдын ала бағалап, бейімделу шешімдерін жобаның бастапқы кезеңінен енгізу қажет.
– Бұл қағида тек жаңа құрылысқа қатысты емес. Қазірдің өзінде пайдаланылып отырған тұрғын үй қорын климаттың өзгеруіне бейімдеу мәселесі туындап отыр. Жылу оқшаулағыштарын жақсарту, терезелерді жаңарту, шатырлар мен қасбеттерді қайта жөндеу, инженерлік жүйелерді автоматтандыру сияқты шаралар ғимараттардың климаттық тұрақтылығын арттыра алады.
Жаңа жобаларда энергия тиімді инженерлік жүйелермен қатар, қасбеттің герметикалығы, сапалы терезелер, жасыл аулалар мен желдету жүйелеріне қажетті инфрақұрылым алдын ала есептелуі керек. Болашақта ғимарат ішіндегі микроклиматты автоматты реттеу, суды қайта пайдалану мен инженерлік желілердегі шығындарды азайту сияқты технологиялардың маңызы арта түседі, – деді спикер.
Сарапшының пікірінше, еліміздің барлық өңіріне бірдей құрылыс шешімін қолдану мүмкін емес. Алматы үшін сейсмикалық жағдай мен таулы рельеф маңызды болса, Астана үшін желдің күші мен ұзақ суық кезең ескерілуі қажет. Оңтүстік өңірлерде жазғы аптап пен су тапшылығы өзекті болса, Каспий маңында жер асты сулары мен топырақтың ерекшеліктері маңызды. Ал батыс пен шөлейт аймақтарда құрғақшылық, шаңды және құмды дауыл секілді факторлар құрылыс стандарттарына ықпал етуі мүмкін.
Энергия тиімділігі: климатқа бейімделудің экономикалық жағы
Ғимараттардың энергияны көп тұтынуы климат мәселесін экономикалық және инфрақұрылымдық мәселеге де айналдырады. Қазақстанда ғимараттар энергия тұтынудың шамамен 40 пайызына жауап береді, оның едәуір бөлігі тұрғын сектордағы жылытуға жұмсалады.
GIZ-дің (Германия халықаралық ынтымақтастық қоғамы) Қазақстандағы жобалар жөніндегі жетекшісі Дана Ермолёноктың айтуынша, жоғары энергия тұтынудың негізгі себептерінің бірі – елдегі ғимараттардың едәуір бөлігі ондаған жыл бұрын салынуы.
Оларды жылытуға көп энергия қажет.
Сондықтан тұрғын үй қорын жаңғырту әрі энергия шығынын, әрі ғимараттардың климаттық әсерін төмендетудің маңызды бағыты саналады.
– Ескі ғимараттарда жылу тұтыну орта есеппен 200–250 кВт·сағ/м² деңгейіне жетуі мүмкін, ал заманауи энергия тиімді ғимараттарда көрсеткіш айтарлықтай төмен. Мұндай айырмашылық тек коммуналдық төлемге әсер етпейді. Отын аз жұмсалса, энергетикалық жүйеге түсетін жүктеме мен парниктік газ шығарындылары да төмендейді, – деді Дана Ермолёнок.
Сарапшының пікірінше, осы бағытта тұрғын үйлерді жаңғыртуға арналған жобалардың бірі – FELICITY II бағдарламасы. Ол қалалар мен муниципалитеттерге төмен көміртекті инфрақұрылым жобаларын дайындау, техникалық мәселелерді шешу және инвестиция тарту бағытында қолдау көрсетеді. Жобалар аясындағы модельдеу, ғимараттарды жаңғыртудың өзі құрылыс материалдарына, инженерлік жұмыстарға және кәсіби қызметтерге сұранысты арттырып, экономикалық белсенділікке әсер ететінін көрсетеді.
– Энергия тиімділігі үшін тек қасбетті оқшаулау жеткіліксіз. Ғимараттың жылу контуры, терезелердің сапасы, герметикалығы, жылыту жүйесін басқару, желдету және инженерлік жүйелердің өзара үйлесімділігі бірге қарастырылуы керек. Жаз мезгілінде ғимараттың бағыты, сыртқы көлеңкелеу мен түнгі табиғи желдету де салқындатқышқа түсетін жүктемені азайтады, – деді спикер.
Ал «Қазақстан құрылысшылар одағының» Астанадағы филиал директоры, тұрғын үй девелопменті саласындағы сарапшы, «Renome» компаниялар тобының бас директоры Вячеслав Лазаревтің айтуынша, ғимараттардың базалық энергия тиімділігін қосымша шығынсыз қамтамасыз етуге болады.
– Жылу оқшаулауын жақсарту, энергия үнемдейтін терезелер орнату және инженерлік жүйелерді дұрыс басқару бастапқы шығынды көбейткенімен, кейін энергия шығынын азайту арқылы өзін ақтайды. Тарифтердің өсуі жағдайында мұндай шешімдердің экономикалық тиімділігі артады.
Алдағы уақытта шатырға күн панельдерін орнату сияқты жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды да қарастыру қажет, – деді Вячеслав Лазарев.
Қазақстанда жасыл ипотека құралдарын дамыту бағытында Азия даму банкімен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр. Алайда бұл жерде басты назар тек жаңа тұрғын үй құрылысына емес, қолданыстағы тұрғын үй қорын жаңғыртуға да аударылуы тиіс. Себебі ғимараттардың едәуір бөлігі ескі болғандықтан, олардың энергия тиімділігін арттыру климатқа бейімделудің ауқымды резерві болып отыр.
Еліміздегі ғимараттардың шамамен үштен бірі 50 жыл бұрын салынған, тағы бір бөлігі 25 жылдан асқан нысандарға жатады. Бұл тұрғын үй қорын кезең-кезеңімен жаңғырту қажеттігін көрсетеді.
«Жасыл» құрылыс: стандарттан тұрақты тәжірибеге дейін
Климаттың өзгеруіне бейімделу үшін энергия тиімділігі мен ресурс үнемдеу қағидаларын нақты стандарттармен бекіту қажет. Осы тұрғыда «жасыл» құрылыс ұғымы тек экологиялық имидж емес, ғимараттың климаттық тұрақтылығын бағалауға мүмкіндік беретін практикалық құрал ретінде қарастырылуы тиіс.
Қазақстанның Green Building Council қауымдастығы ғимараттарды сертификаттау, жасыл құрылыс стандарттарын әзірлеу және сала мамандарын оқыту бағытында жұмыс істейді. Қазақстан жағдайына бейімделген OMIR жасыл құрылыс стандарты LEED және BREEAM секілді халықаралық жүйелердің жекелеген элементтерін жергілікті климаттық, әлеуметтік және экономикалық жағдайларға бейімдейді. Онда энергия мен суды пайдалану, қалдықтарды басқару, ішкі орта сапасы мен ресурстарды тиімді пайдалану сияқты көрсеткіштер бағаланады.
Алайда мұндай талаптарды климаттық бейімделумен байланыстыра қарау маңызды. Мысалы, энергияны аз тұтыну ғимараттың жылыту мен салқындатуға қажетті ресурсын төмендетсе, суды тиімді пайдалану су тапшылығы тәуекеліне төтеп беруге көмектеседі. Ал ішкі микроклиматқа қойылатын талаптар аптап ыстық кезінде тұрғындардың жайлылығын сақтауға мүмкіндік береді.
KazGBC техникалық директоры Айман Шопаеваның пікірінше, құрылыс материалын дұрыс таңдау қажет.
– Материалдың энергия мен ресурс шығынын, өндіруден бастап тасымалдау, пайдалану және кәдеге жарату кезеңдеріне дейін ескеру қажет. Мұндай тәсіл ғимараттың қоршаған ортаға әсерін ғана емес, оның ұзақ мерзімді тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді, – деп санайды ол.
Қазақстанда жасыл сертификаттау тәжірибесі біртіндеп кеңейіп келеді. Дегенмен сертификаттың болуы ғимарат автоматты түрде климатқа төзімді деген сөз емес. Нәтиже жобаның сапасына, құрылыс жұмыстарының орындалуына, инженерлік жүйелердің дұрыс іске қосылуына және кейінгі пайдалану тәртібіне байланысты. Яғни жасыл стандартты қағаз жүзінде орындау емес, оның талаптарын нақты құрылыс тәжірибесіне енгізу маңызды.
Жаңа модель қалай қалыптасуы қажет?
Осы талаптардың барлығын біріктіргенде, климатқа бейімделген құрылыс жеке ғимараттың сипаттамасынан әлдеқайда кең ұғым екені көрінеді. Мұнда қала құрылысы, сәулет, энергия және су жүйелері, көлік пен жасыл кеңістіктер өзара байланыста қарастырылуы керек.
Сондықтан жаңа ауданды жоспарлау кезінде ғимараттардың энергия тиімділігімен қатар, көшелердің көлеңкеленуі, ағаштардың орналасуы, су өткізгіш жабындар, желдің табиғи қозғалысы мен қоғамдық көліктің қолжетімділігі ескерілуі қажет. Қолданыстағы аудандар үшін де бейімделу шаралары қажет. Артық асфальтты қысқарту, көгалдандыру көлемін ұлғайту, пайдаланылмай жатқан аумақтарды шағын қоғамдық кеңістіктерге айналдыру, жаяу жүргінші жолдарын көлеңкелеу сияқты шешімдер қаланың климаттық жайлылығын арттыра алады.
Ғимараттың өзінде тиімді қасбет, көлеңкелеу жүйелері, автоматтандырылған инженерлік жабдық, суды қайта пайдалану мен жаңартылатын энергия көздерін қолдану секілді шешімдер маңызды.
Қолданыстағы тұрғын үй қорын жаңғыртуда тұрғындармен жұмыс та ерекше маңызға ие. Жөндеу жұмыстарының құны, тұрғындардың болашақ коммуналдық шығынының өзгеруі, жобадан түсетін экономикалық пайда, жауапкершілік пен қаржыландыру тетіктері алдын ала түсіндірілуі керек. Климатқа бейімделу – тек техникалық жоба емес, тұрғындардың да қатысуын талап ететін ұзақ мерзімді процесс.
Сарапшылардың пікірінше, бұл ретте халықаралық тәжірибені дайын үлгіде көшіріп алу тиімді болмауы мүмкін. Еліміздің климаты, құрылыс нормалары, коммуналдық тарифтері, қаржыландыру мүмкіндігі мен халықтың төлем қабілеті өзге елдерден ерекшеленеді.
Эколог Лаура Сейілбек айтқандай, климатқа төзімді құрылыс бір ғана саланың міндеті емес.
– Мұнда экологтар, инженерлер, сәулетшілер, урбанистер, коммуналдық қызметтер, девелоперлер мен мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы қажет. Себебі климаттық тәуекел бір мезетте энергияға, суға, құрылысқа, көлікке және қаланың қоғамдық кеңістігіне әсер етеді. Сондықтан бейімделу шаралары да осы салалардың барлығын біріктіретін жүйелі тәсілге негізделуі тиіс, – деп есептейді ол.
Бұған қоса климатқа бейімделген шешімдердің бастапқы құны кей жағдайда жоғары болуы мүмкін. Бірақ мұнда бір реттік құрылыс шығынымен шектелмей, ғимараттың бүкіл өмірлік циклі қарастырылуы керек.
– Климаттың өзгеруі Қазақстан үшін болашақтың мәселесі емес. Ыстық кезеңдердің күшеюі, жауын-шашын сипатының өзгеруі, су тапшылығы және энергияға деген сұраныстың өсуі қалаларды жоспарлау мен құрылыс талаптарына жаңа көзқарасты қажет етеді. Сондықтан жаңа ғимараттар алдағы бірнеше онжылдықтағы климаттық жағдайларды ескере отырып жобалануы керек, – деп санайды сарапшылар.
Ал бұл міндеттерді орындау үшін жеке технология немесе бір ғана «жасыл» стандарт жеткіліксіз..