Қазақстанда қоғамдық денсаулық сақтау қызметі құрылады - Т.Дүйсенова

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Денсаулық» жаңа мемлекеттік бағдарламасы бойынша елімізде қоғамдық денсаулық сақтау қызметі құрылады. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатында өткен кездесуде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.
None
None

Министрдің сөзіне қарағанда, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесі негізінде Қазақстанда қоғамдық денсаулық сақтау қызметі құрылмақ. Халықаралық және отандық сарапшылар ұсынымы негізінде құрылатын жүйе негізінен эпидемиологиялық қызмет пен тамақтануды оңтайландыру, салауатты өмір салтын қалыптастыруды біріктіру негізінде құрылатын болады. Аталған қызметтің негізгі функциялары - эпидемиологиялық қадағалауды қамтамасыз ету, инфекциялық және негізгі инфекциялық емес ауру түрлеріне мониторинг жүргізу және алдын алу шараларына халықты жұмылдырып, бұған қатысты жұртшылықтың хабардарлығын арттыру болып табылады.

«Тоқтала кететін жайт, 2014 жылдың соңына таман Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет Ұлттық экономика министрлігіне берілген болатын. Ал жаңа бағыт аясында біз 2016 жыл барысында жоғарыда айтылған функцияларды бөлу жұмыстарын жүзеге асыратын боламыз. Мәселен, соның ішінде инфекциялық ауруларға мониторинг, ден қою, таратпау, олардың ошағын жою секілді жұмыстар мен оларды үйлестіру қызметі Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне беріледі. Ал тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысты мәселелер Ұлттық экономика министрлігінің құрамында қалатын болады», - деді Тамара Дүйсенова.

Оның айтуынша, қоғамдық денсаулық сақтау қызметі екі деңгейден тұрады. Бұл ретте министрлік деңгейінде тұтастай республика бойынша эпидемиологиялық қадағалаулар жасалып, әдістемелік қамтамасыз етулер, стратегиялар әзірлеу, азаматтардың денсаулығын нығайту мен жақсарту индикаторларына мониторинг жасалатын болады. Ал өңірлік деңгейде функцияларды жүзеге асыру жүктеледі. «Өңірлердегі қызметтер өздерінің эпидемиологиялық карталарын иеленіп, азаматтардың денсаулығына әсер ететін факторлар бойынша факторларды айқындайды», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар