Қазақстанда қоқыс шығаратын контейнер мен көліктер жетіспейді – министр
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде қоқыс шығаратын 133 мың контейнер бар және тағы 60 мың контейнерге қажеттілік бар. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтып берді.

«Қалдықтарды басқарудың маңызды бөлігі – жеткілікті деңгейде контейнерлер мен қоқыс таситын көліктермен қамтамасыз ету. Бүгінде елімізде 133 мың дана контейнер бар, қосымша тағы 60 мың контейнерге қажеттілік бар», - деді Е. Нысанбаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Министрдің айтуынша, ірі қалаларда 1681 қоқыс таситын көлік қызмет етеді, қосымша қажеттілік шамамен 900 дананы құраса, оның 223 данасы инвестициялық жобаларда ескерілген.
«Контейнерлер мен қоқыс таситын көліктер жергілікті бюджет пен жеке инвестициялар есебінен сатып алынуы керек. Мұнда Қызылорда және Жетісу облыстарының тәжірибесін атап өткім келеді. Бұл өңірлерде жобалар облыс орталығында ғана емес, аудандарда да пысықталды. Шешім қабылдау барысында қалдықтардың қалыптасу көлемдеріне, логистика мен қажетті инфрақұрылымды тиімді орналастыруға баса назар аударылды. Бұндай тәсілді өзге өңірлерге де таратуды ұсынамын», - деді Экология министрі.
Айта кетейік, Қазақстанда тұрмыстық қалдықтың 1 млн тоннасы ғана қайта өңделеді.
Үкімет қалдықтарды басқару жобаларын қаржыландырудың жеңілдетілген тетігін бекітті. Мұның нәтижесінде брусчатка, люк, қоқыс контейнерлері, шыны ыдыстар, стрейч пленкалар, көлік бамперлері сияқты халықтың басқа да тұтыну тауарлары шығарылады.