Қазақстанда көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды (ФОТО)

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 2016 жылдың 1 сәуірінде еліміздің барлық өңірлерінде «Әскери қызмет пен әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңына сәйкес жас азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру басталды, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

2016 жылдың көктемінде Қазақстанда мерзімді әскери қызметке кейінге шақырылуға немесе шақырылудан босатылуға құқығы жоқ азаматтар, 18 бен 27 жас аралығындағы жастар, сондай-ақ оқу орындарынан шығарылған, жасы 27-ге толмаған және шақыру бойынша әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткермеген 14 мыңнан аса қазақстандық шақырылуға жатады.

«Көктемде орта-арнаулы және орта білімі бар бозбалаларға басымдылық беріледі. Қазір Қарулы Күштер мен басқа да әскерлерге заманауи қару-жарақ пен әскери техника келіп түсуде.  Оларға қызмет көрсету қажет. Функционалдық міндеттерді орындау үшін дайындалған мамандар керек», - деді ҚР ҚК Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары, полковник Амантай Үсербаев.  

Шақыру учаскелеріне тіркеу сәтінен бастап және олардың әскерге шақырылғанына дейін жергілікті әскери басқару органдарымен мерзімді әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтарды жүйелі түрде зерделеу жүргізіледі.

«Биылғы жылы 30 мыңға жуық азаматты шақыру жоспарлануда. Оның ішінде 15 мыңы көктемгі шақыруға жатады. Дене даярлығы бойынша спорттық жетістіктері бар анағұрлым дайындалған Аэроұтқыр әскерлерін жасақтауға аса мән берілуде. Дәрігер мамандарымыз әрбір шақырылушыны, яғни, оның әскери қызметке денсаулық жағдайының жарамдылық дәрежесін жіті тексереді», - деді Департамент бастығының орынбасары - Астана қаласы ҚІЖД келісімшарт және шақырылу бойынша әскери қызметшілерді жинақтау басқармасының бастығы, полковник Ғани Артықов. 

ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес шақырылушылардың денсаулық жағдайына жаңа талаптар енгізілді. Медициналық куәландыруды жақсарту бойынша қосымша шаралар қарастырылған.

«Шақырылушылардың физикалық жай-күйі туралы айтатын болсақ, алдыңғы жылдардағы шақырулармен салыстырғанда әр жыл сайын физикалық жағдайлары жақсарып келеді. Мүмкін, салауатты өмір салтын ұстанудың насихатталуы ықпал еткен болар», - деп шақыру бойынша бақылау комиссиясының дәрігері Татьяна Шевелуха атап өтті.

«Қазіргі заманғы жағдайдағы шақырудың ерекшелігі - оның қалтқысыздығында болып отыр. Ашық түрде өткізілуі ең алдымен, шақыру комиссиясының жұмысына қоғам өкілдерінің қатысуы арқасында қол жеткізіп отырмыз», - делінген хабарламада.

null null null null null null null  

Соңғы жаңалықтар