Қазақстанда көктемгі егіс және егін орағына дайындық жұмыстарына 97 млрд. теңге бағытталады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Сенат депутаты Сергей Плотников көктемгі егіс науқанын қаржыландыру жайында айтып берді.
Сенатордың сөзінше, Үкімет нақтылаған 2015 жылдың бюджеті туралы заң жобасында бюджет тапшылығына қарамай, ауыл шаруашылығына 20 млрд. теңге қосымша қаржы бөлу ұсынылып отыр. Оның ішінде мал және құс шаруашылығына 11,5 млрд. теңге, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қаржылық сауықтыруға 5 млрд. теңге қарастырылған.
Осы орайда депутат 2008-2009 жылдардағы дағдарыс кезінде ауыл шаруашылығы саласы өсімге қол жеткізгенін атап өтті.
Атап айтқанда, көктемгі егіс жұмыстарына және егін орағына дайындық шараларын қаржыландырудың жалпы көлемі 97 млрд. теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы техникасының лизинг бағдарламасы бойынша 28,5 млрд. теңге бөлінеді. Бұл бағытта 1610 техниканы жеткізу жоспарланып отыр.
Естеңізге сала кетейік, биылғы 11 ақпандағы Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Үкімет отырысында ел экономикасының қалыптасқан жағдайы талқыланып, 2015-2017 жылдарға арналған бюджетті оңтайландыру мәселесі қаралды. Отырыста Елбасы қазіргі экономикалық ахуалға байланысты «Нұрлы жол» бағдарламасын дағдарысқа қарсы жаңа шаралармен толықтырып, Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдауды ұлғайтуға тапсырма берді.