Қазақстанда көктемгі құс атуға шектеу енгізілді

«Ел аумағындағы қолданыстағы аң аулау қағидаларына сәйкес көктемгі мезгілде аталық үйректерді, саңырау құрды және құрды аулауға рұқсат берілген. Бұл ретте көктемгі аң аулауға ресми түрде үйрекке рұқсат етілген шек 5 пайыздан артық бөлінбейді. Яғни аңшылық шаруашылығы субъектілеріне бұл тыйым салу айтарлықтай экономикалық шығын әкелмейді. Көктемгі аң аулау құстың кез келген түрінің қатты алаңдаушылығын туғызып, ұя салу науқанын күрт бұзады. Бұл ретте ең алдымен белсенді әрі репродуктивтік жағынан бағалы аталықтар атып алынады. Ал ол өз кезегінде құс түрлерінің гендік қорын нашарлатады. Аңшылардың (аңшылық ұйымдардың мүшелері жыл сайын өсуде, қазіргі таңда 150 000 адамнан асты) басым бөлігі табиғатқа жаңашырлықпен қарау қағидаттарын мүлдем сақтамайды. Ал бұрын аңшылар жабайы аң-құстардың кез келгеніне өзінің меншігіндей қарайтын, аң аулау мерзімдері мен қағидаларын қатаң сақтап, браконьерлікке жол бермейтін және басқалардың да жануарлар дүниесіне қаскөйлік жасамауын жіті қадағалайтын», - делінген ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан ақпаратта.
Ведомство елімізде жабайы құстардың саны азайып, ал браконьерлердің саны көбейіп бара жатқандығына алаңдаушылық танытқан. Мәселен, 2016 жылғы көктемгі аң аулау кезеңінде ел аумағында әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 758 факті тіркелсе, 2015 жылы заңсыз аң аулаудың 636 фактісі орын алған. Яғни аң аулау қағидаларының бұзылуы арта түсуде.
«Жабайы құстар санының азаюы көктемгі аң аулауға тыйым салу арқылы олардың көбеюіне шаралар қолдануды талап етіп отыр. Осыған орай, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ҚР БҒМ Зоология институтымен және Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығымен бірге республиканың барлық аумағында көктемгі аң аулау кезінде жабайы құстар аулауға тыйым салу мәселесін пысықтады. Аң аулаудың барлық жануарларға қатты алаңдатушылық тудыратынын ескере отырып, аталған ғылыми және қоғамдық ұйымдар құстардың ұя салу кезеңінде көктемгі аң аулауға тыйым салуға қолдау білдірді. Көктемгі аң аулауға тыйым салу жабайы құстар санының өсімін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Соның негізінде Зоология институты және Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы көктемгі аң аулауда жабайы құстарды аулауға тыйым салу және жабайы құстардың әр түріне тәуліктік атып алу мөлшерін бір аңшыға бес қанаттыға дейін шектеу енгізу бойынша биологиялық негіздеме жасады», - делінген таратылған ақпаратта.