Қазақстанда қолайсыз ауа райына байланысты 36 әуе рейсі тоқтатылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде күн райының күрт бұзылуына байланысты 36 әуе рейсі кідіріп тұр.
Олардың жартысы елордаға ұшып келуі тиіс болса, қалған бөлігі Астана әуежайынан ұшып кетуі тиіс болатын. Қазіргі уақытта елордаға бағытталған халықаралық және ішкі әуе рейстері Қарағанды әуежайына жіберіліп жатыр. Бұл әуежайға осы уақытқа дейін Атырау, Алматы, Қызылорда және Бішкектен келген ұшақтар қонды, деп жазады 24.kz.
Сондай-ақ, елордадан Үрімші және Петропавл бағытындағы екі әуе рейсі 7 желтоқсанға ауыстырылды. Айта кетейік, Астана әуежайындағы ауа температурасы - 11 градус. Көру мүмкіндігі -100 метр. Ал желдің екпіні секундына 15 метр. Әуежай штаттық тәртіпте жұмыс істеуде, рейстерге байланысты ақпарат әрдайым ауысып отыр.