Қазақстанда көлік сатылымы 18%-ға артты
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылдың ақпан айындағы қорытынды бойынша ресми дилерлер 9 194 көлікті сатты. Бұл қаңтар айындағы көрсеткіштен 1399 автомобильге артық. Өсім 17,95%-ды құрады.
Жыл басынан бері 16 989 автомобиль сатылды, деп хабарлады Қазақстанның автобизнес қауымдастығының (ҚАБҚ) баспасөз қызметінен.
ҚАБҚ сарапшылары сату деңгейінің ұлғаюын автосалондардағы бағаның төмендеуімен байланыстырады. Көптеген ресми дилерлер клиенттеріне 10%-дан 50%-ға дейін жеңілдік, көлікті жөндеу бойынша бірнеше жылдық тегін қызмет көрсету, ақшасын бөліп төлеу сынды ұсыныстар жасап жатыр.
Автодилерлердің бұл шараларының арқасында PC, SUV, MPV, PU сегментіндегі жеңіл көліктің орташа құны ақпан айында 26% арзандап, $18 817 құрады. Қаңтарда $25 384 болған еді. Сол қаңтар айында шамамен $25 000 - $40 000 сатылған темір тұлпарлар жеңілдіктердің арқасында 28%-ға арзандады.
ҚАБҚ пікірінше, ҚР Үкіметі қолға алып жатқан шаралары көліктің сатылуына жақсы мүмкіндіктер тудырады. Соның ішінде жеке және заңды тұлғалардың отандық автомобильдерді сатып алуы үшін оларға сәйкесінше 6% және 4% пайыздық мөлшерлемемен несие беру үшін екінші деңгейлі банктерге 20 млрд. теңге қаражат бөлу шарасы отандық көліктердің сатылуына оң әсер етпек.