Қазақстанда көлік жүргізуші әйелдер бір айда 14 баланы қағып, 3 баланы мерт қылды

Алматы, Астана, Өскемен қалаларында тек соңғы алты күн ішінде әйелдер үш бірдей қайғылы жол көлік оқиғасын жасады.
Алматыда «Қалқаман» шағынауданында 2 мамыр күні кешке жақын 34 жастағы алматылық әйел мас күйінде көлік басқарып, 15 жастағы қызды, арбадағы 4 айлық баланы қағып кетті. Сәби шетінеп, қыздың аяғы сынған. ІІД хабарлауынша, әйел оқиға орнынан із суытпақ болған.
20 мамыр күні Алматыда бүкіл қазақстандықтардың жанын түршіктірген оқиға болды. 46 жастағы әйел «Тойота Ленд Крузер» көлігімен балабақша балалары ойнап отырған алаңқайды соғып, 5 жасар баланы басып кетті. Көлік астында қалған бала мерт болды. Ал жараланған 9 сәби ауруханаға жеткізілді. ІІД көлік жүргізушісі ұсталғанын хабарлады. Осы оқиғадан халық ес жиып үлгерместен, 25 мамыр күні Астана қаласында сағат 12 шамасында 32 жастағы әйел басқаруындағы «Toyota Land Cruiser Prado» маркалы көлігімен 11 жастағы баланы жаяу жүргінші жолағында қағып өлтірді. Оқиғаға кінәлі әйелдің жүкті екені анықталды. Өскемен қаласында 25 мамыр күні жас келіншек 10 жастағы баланы қағып кетті. Жеткіншек қазіргі уақытта бас сүйегінің зақымдануы, ми шайқалу диагноздарымен ауруханада жатыр. Бұл жағдайда да әйел оқиға орнынан қашып кеткен.