Қазақстанда көлікке жарнама орналастыру едәуір жеңілдетілмек

«Мысалы, көлік құралдарына жарнама орналастыру үшін бұрын тиісті рұқсат құжаттарын алу керек болған болса, заң жобасы қабылданғаннан кейін ол қысқартылады», - дейді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта көлікке жарнама орналастыру үшін кәсіпкерлер үлкен машақатты жұмыстарды атқаруы тиіс. Мәселен, жеке кәсіпкер ретіндегі тіркеу қағазын, өзге де нотариалдық тұрғыда расталған құжаттарды жинауы тиіс, сонымен қатар бюджетке жарна төлеп, рұқсаттың берілуін белгілі бір уақыт тосуы керек болады. Оның сөзі бойынша, жаңа заң аясында енді кәсіпкерлер тиісті органға ескерту жасаса да жеткілікті. Оның үстіне, кәсіпкерлер ескерту жасаған тұстан бастап, жарнаманы орналастыруға құқылы. Еске сала кетейік, ҚР Ұлттық экономика министрлігі «ҚР Рұқсат беру құжаттары мен рұқсат беру процедураларын қысқарту мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасын Парламент мәжілісіне таныстырды.