Қазақстанда көліктегі энергияны үнемдеу бағдарламасы әзірленеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2015 жылы көліктегі энергияны үнемдеу бағдарламасы әзірленеді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалин мәлім етті.

Қазақстанда көліктегі энергияны үнемдеу бағдарламасы әзірленеді

«Энергетика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2015 жылы көліктегі энергияны үнемдеу бағдарламасын әзірлейді. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру Қазақстанның автопаркі қорын жаңартуға, мұнай өнімдерінің тұтынылу көлемін төмендетуге мүмкіндік береді», - деді ол.

Сонымен қатар, оның сөзіне қарағанда, аталған шаралар еліміздегі шағын көлемді двигательді автомобильдердің санының артуына және республикадағы экологиялық ахуалдың жақсаруына мүмкіндік береді.

«Бұл шаралар біздің қалалардағы экологиялық мәселелерді шешуге зор үлес қосып, жанармаймен жабдықтау тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді», - деді бірінші вице-министр.