Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлемдер 2,1 есе өсті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлемдер бір жылда 2 есе артты. Ұлттық экономика министрлігі осыны әрі қарай дамыту үшін мемлекет тарапынан қосымша бонустармен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ranking.kz сілтеме жасап.

Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлемдер 2,1 есе өсті

Осы жылдың мамырында 25,1 млн төлем карточкалары айналымда болды. Бір жылда олардың саны 20,8% -ға өсті. Өткен жылдың осы кезеңінде карточкалар саны 20,8 млн болған.

Нарықтың басым бөлігі дәстүрлі дебеттік карталармен айналысады: жалпы карта саны - 18,9 миллион, дебеттік карта үлесі - 75,3%. Несие карталары - 20,8%. Несие жеңілдігі бар карточкалардың және алдын ала төленген карточкалардың үлес салмағы - 3,9% немесе 966,9 мың.

Карточка қолданушылар саны бір жылда 20,2% -ға артып, 21,8 млн-ға жетті. 2018 жылы Қазақстанда 18,1 млн адам карточка пайдаланды. Бір жылдық өсім - 21,7%.

ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов қолма-қол ақшасыз төлемдерді қолдау - ел экономикасын дамытудың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Салық базасын кеңейту және салық төлемдерін жеңілдетуге де ықпалы бар.

Сондай-ақ, ол қолма-қол ақшасыз төлемді таңдаған азаматтарды ынталандыру мақсатында арнайы жобаның әзірленіп жатқанын айтты. Сауда орталықтарында картамен төлем жасағандарға бонустар түседі. Бұл қаржылай сыйлықты тұрғындар салық төлеуге немесе сауда жасағанда жұмсай алады. Ол үшін банктермен бірлесіп жұмыс істеу қажет. Игі бастама 2020 жылы ұсынылады.

Ағымдағы жылдың бес айында қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі 3,7 триллион теңгеге жетті. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,2 есе ұлғайған.

Барлық қолма-қол ақшасыз төлемдердің 68% Алматыға тиесілі - 2,6 триллион теңге, Нұр-Сұлтанда оның көлемі - 321,6 млрд теңге.

Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында қолма-қол ақшасыз төлемдер азайған: оның жалпы үлесі 1,7%-ды құрайды.