Қазақстанда көмір тасымалына вагон жеткілікті - ҚТЖ
«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Оралхан Кулаковтың сөзіне қарағанда, компания көмір тасымалына ерекше мән беріп отыр. Жыл басынан бері ай сайын өңірдегі жүк жөнелтушілер, жүк қабылдаушылар, жергілікті атқарушы органдар, мүдделі министрліктер мен мекемелердің өкілдерінің қатысуымен кездесулер өткізілді.
Ашық пікірталастарда стратегиялық тауарларды уақытылы жеткізу мәселелері қаралды. ҚР Инвестиция және даму, Энергетика министрліктерімен, «Самұрық-Энерго» АҚ-мен бірлесіп 2017-2018 жылдары жылу маусымын көмірмен қамтамасыз ету шараларының жоспары әзірленді.
О. Кулаковтың айтуынша, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның Қазақстанның өңірлерін көмірмен қамтамасыз ету үшін жеткілікті вагондары бар. Қазіргі таңда «ҚТЖ» ҰК» АҚ паркінде 50 мыңнан астам ашық вагон жұмылдырылды. Мамыр айынан бастап ашық вагондар саны 5970-ке артты. «Қазтеміртранс» АҚ-ның бір мыңнан астам ашық вагонын пайдалану мерзімі ұзартылды. Бір мың вагонды алуға лизинг шарттары бекітілді. Оның сыртында көршілес елдердің теміржол әкімшіліктерімен ашық вагондарды ұсыну бойынша өзара көмектің келісімі жасалды. Басқа теміржол әкімшіліктерінің 1200-ден астам жартылай вагоны тартылды.
Жүк жөнелтушілердің сұранысына орай көмір тасымалына тәулігіне 5000 ашық вагон беріледі. Жалпы көлемнен 40 пайыз көмір «Қазтеміртранс» АҚ вагондарына тиеледі. Атап өтерлігі, көмір отынын тасымалдауды жүк жөнелтушілердің өздері жоспарлайды.