Қазақстанда көміртекті егіншілік дамиды: Германияның тәжірибесі қарастырылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Германия көміртекті егіншілікті дамыту, топырақ құнарлылығын сақтау және тозған жерлерді қалпына келтіру бағытында ынтымақтастықты талқылады. Тараптар халықаралық тәжірибені Қазақстанның аграрлық саласына енгізу мүмкіндіктерін қарастырды. Бұл туралы АШМ мәлім етті.
Германия делегациясының құрамында институттың Регенеративті жер пайдалану және климаттық тұрақтылық департаменті басшысының орынбасары Сами Чельтикоглу және Орталық Азиядағы өкілдігінің басшысы Алия Мусина болды.
Кездесуде аграрлық секторды орнықты дамытудың негізгі бағыттарының бірі ретінде Қазақстанда көміртекті егіншілікті дамыту мүмкіндіктеріне баса назар аударылды.
Атап айтқанда, топырақ құнарлылығын сақтау, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану және тозған жер алқаптарын қалпына келтіру мәселелері қарастырылды.
Сонымен қатар көміртекті жобаларды іске асырудың құқықтық негіздері, парниктік газдар шығарындыларын азайту, топырақтағы органикалық көміртек қорын арттыру, сондай-ақ жер ресурстарын орнықты басқарудың заманауи тәсілдерін енгізу мәселелері талқыланды.
— Қазақстанның табиғи-климаттық және аграрлық ерекшеліктерін ескере отырып, халықаралық тәжірибені қолдану, ғылыми-практикалық ынтымақтастықты дамыту және көміртекті егіншілік саласындағы бастамаларды іске асырудың нақты тетіктерін әзірлеуге ерекше көңіл бөлінді, — делінген хабарламада.
Тиісті шешімдерді тәжірибеге енгізудің негізгі алаңдарының бірі ретінде «ЖЗҚЖЖМИ» мекемесінің ғылыми әлеуетін пайдалану мүмкіндігі қарастырылды.
Кәсіпорынның ғылыми-зерттеу мүмкіндіктері мен жер ресурстарын зерттеу бағытында жинақтаған тәжірибесі бірлескен бастамаларды жүзеге асыруда маңызды рөл атқаратыны айтылды.
Көміртекті егіншілікті дамыту ауыл шаруашылығы өндірісінің орнықтылығын арттыруға, топырақ сапасын сақтауға және елдің жер ресурстары әлеуетін тиімді пайдалануға қосымша мүмкіндіктер ашады.
Кездесу соңында тараптар көміртекті егіншілікті дамыту, жер ресурстарын орнықты басқару және топырақтың сапалық жай-күйін жақсарту бағыттарындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделілік білдірді.
Кейінгі жылдары ауадағы зиянды газдарды азайту үшін карбон егіншілігі қолданылып жүр. Қазақстан осы бағытқа бет бұрса, саладан жылына $35 млрд табыс табуы мүмкін. Экономикалық пайда мен экологиялық тиімділікті тоғыстырған карбон егіншілігі дегеніміз не, Үкімет қандай жобаларды қолға алады? Kazinform-ның аналитикалық шолуынан оқыңыз.