Қазақстанда Конго-Қырым геморрагиялық безгегі ауруы бойынша жағдай өте күрделі - Ж.Досқалиев
АСТАНА. Сәуірдің 12-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгінгі күні Қазақстанда Конго-Қырым геморрагиялық безгегі (КҚГБ) ауруы бойынша жағдай өте күрделі.
Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметі жанындағы Денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық үйлестіру кеңесінің отырысында Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев мәлім етті.
«Елімізде Конго-Қырым геморрагиялық безгегі ауруы бойынша жағдай өте күрделі. Қазақстанның оңтүстігіндегі 3 облыста аталмыш аурудың ошағы бар. Иксодты кенелердің таралу аумағы барған сайын артып келеді. Оған өзінің объективті де субъективті себептері бар. Олардың арасында алдын алу шаралардың тиімсіз болуы және халықтың аз ақпараттандырылуы бар», - деді министр.
Ж.Досқалиев атап көрсеткендей, КҚГБ өте қауіпті індет. Оның инкубациялық кезеңі қысқа болғанымен, ол өмірлік маңызды ағзаларды зақымдай отырып өте шапшаң қозады. Науқас үш күннің ішінде дәрігерге көрінбеген жағдайда бүкіл ағза уланып, оның арты көп жағдайда өліммен аяқталады.
Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, КҚГБ вирусын жұқтырған адамды құтқарып қалу аса қиын. Себебі оның арнайы емі жоқ. Дегенмен, Қазақстанда ондай науқастарды емдеудің тәжірибесі бар. Әсіресе, емді науқастанудың алғашқы кезеңінде бастаған кезде және осы аурумен бұрын ауырған адамның қанын құйған жағдайда.
Сондай-ақ Ж.Досқалиев, бүгінгі күні бұл ауруға қарсы бір ғана министрліктің күшімен күресу жеткіліксіз болып отырғанын айтты. «Денсаулық сақтау министрлігінің күшімен тек қана емдеу жүргізіп, не болмаса эпидемиологиялық зерттеулерді жүргізу жеткіліксіз. Бұл мәселеде Төтенше жағдайлар және Ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірлескен кешенді шаралар қажет», - деді ол.
Айта кетейік, 2009 жылы республикада КҚГБ жұқтырудың 26 жағдайы тіркелген болса, үстіміздегі сәуір айының өзінде Оңтүстік Қазақстан облысында бұл індеттің 2 жағдайы тіркеліп үлгерді. Тағы 435 адам кене шаққандығы туралы шағымданған.