Қазақстанда контейнерлік тасымал көлемі арта түсті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда контейнерлік тасымал көлемі тұрақты өсім көрсетіп отыр. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша контейнермен тасымалданған жүк көлемі 2203 мың ЖФЭ-ге дейін өскен. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлім етті.

Қазақстанда контейнерлік тасымал көлемі арта түсті
Фото: Көлік министрлігі

Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 2115 мың ЖФЭ құраған. Осы кезеңде контейнерлендіру деңгейі 6,7%-дан 8%-ға дейін артты.

Өсім 2026 жылы да жалғасып отыр. 2026 жылдың қаңтар–сәуір айларында контейнерлік тасымал көлемі 742 мың ЖФЭ-ні құрады. Ал 2025 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 709 мың ЖФЭ болған. Контейнерлендіру деңгейі 8,2%-дан 8,5%-ға дейін өсті.

— Оң динамика экспорттық, импорттық және әсіресе транзиттік контейнерлік тасымал көлемінің артуымен байланысты. Бұл Қазақстанда заманауи логистикалық форматтардың дамып келе жатқанын және елдің транзиттік әлеуетінің нығайып жатқанын көрсетеді, — делінген хабарламада.

Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру аясында контейнерлік және мультимодальды тасымалды дамытуға бағытталған бағдарламалық құжат қабылдау жоспарланған.

Құжатта терминалдық инфрақұрылымды дамыту, цифрлық сервистерді кеңейту, кедендік және технологиялық рәсімдерді жеңілдету, сондай-ақ контейнерлік операцияларды басқарудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру бойынша шаралар қарастырылған.

Жоспарланған шараларды іске асыру контейнерлендіру деңгейін арттыруға, логистикалық процестердің тиімділігін күшейтуге және Қазақстанның өңірдегі ірі көлік-логистикалық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Қазақстан транзиттік әлеуетін арттыруға басымдық бермек.