Қазақстанда көпірлерді жобалаудың жаңа талаптары күшіне енді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда ұзындығы 100 метр және одан асатын көпірлерді жобалау кезінде цифрлық ақпараттық модельдеу технологияларын қолдану міндеттелді. Алдағы жылдары бұл талап автомобиль жолдары мен басқа да құрылыс нысандарына енгізіледі, деп хабарлайды «ҚазжолҒЗИ» АҚ.
2026 жылғы 1 тамыздан бастап күшіне енген жаңа талап Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 19 наурыздағы бұйрығына сәйкес енгізілген. Бұл құрылыс саласын BIM (Building Information Modeling) технологияларына көшірудің алғашқы кезеңі саналады.
Жоспар бойынша 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап BIM технологияларын қолдану I және II санаттағы автомобиль жолдарын жобалау кезінде де міндетті болады.
Ал 2030 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл талап жауапкершілігі үшінші деңгейдегі объектілерді қоспағанда, барлық құрылыс нысанына қолданылады.
– 2026 жылғы 1 тамыздан бастап Қазақстанда ұзындығы 100 метр және одан асатын көпірлерді жобалау кезінде ақпараттық модельдеуді қолдану міндетті болды, – деп мәлімдеді институт.
Осы бағытта «ҚазжолҒЗИ» автомобиль жолдарында BIM технологиясын қолдануға арналған ведомстволық ережелер жинағын әзірледі.
Институттың ақпараттық модельдеу технологиясымен дайындаған алғашқы жобасы – Орал қаласындағы көпір өткелі мен оған кіреберіс жолдардың жұмыс жобасы. Қазір құжаттар «Мемсараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында қаралып жатыр.
Сонымен қатар көпірлердің техникалық жай-күйін тексеруге жаңа цифрлық әдістер енгізілуде.
Мамандар LiDAR технологиясының көмегімен әуеден және жерден лазерлік сканерлеу, сондай-ақ фотограмметрия әдістерін пайдаланып, көпірлердің үшөлшемді модельдерін жасайды.
Бұл технологиялар көпірлердің геометриялық өлшемдері мен техникалық жай-күйі туралы нақты деректер алуға мүмкіндік береді.
Жиналған ақпарат «ҚазжолҒЗИ» әзірлеген көпірлерді пайдалануды басқару жүйесіне енгізіледі. Онда әрбір нысанның сипаттамасы, тексеру нәтижелері және қазіргі техникалық жағдайы сақталады.
Бұдан бөлек, институт I-V санаттағы автомобиль жолдарын орташа жөндеу кезінде жол төсемдерін күшейтуге арналған үлгілік конструкциялар жобасын әзірледі.
Сондай-ақ Польшаның Жолдар мен көпірлер ғылыми-зерттеу институтымен бірлескен зерттеулер жүргізу, пилоттық жобаларды іске асыру және Қазақстанның климаттық ерекшеліктеріне бейімделген көпір конструкцияларын әзірлеу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін «ҚазжолҒЗИ» Атыраудағы Орталық көпірдің цифрлық көшірмесін әзірлеуге кіріскен еді. Ұзындығы 260 метр болатын көпірдің техникалық жай-күйін бағалау үшін кешенді тексеру және цифрлық модельдеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны хабарланған.