Қазақстанда коронавирус штамын тексеру жұмыстары күшейтілді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова коронавирус штамдарына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында коронавирустың қандай штамдары Қазақстанда анықталғаны сұралды.
«Қазақстанда таралған вирустың генотипін толық зерттеу мүмкіндігі бар. Пандемия басталғалы 285 штамм зерттелді, олар наурыз айынан қаңтар айы аралығында бөлінген штамдар. Сіздерді «мутацияланған оңтүстікафрикалық, британдық және жаңа бразилиялық штамдары бөлінді ме» деген сұрақ мазалап тұрғаны белгілі. Маусым мен қаңтар аралығында генотиптеу нәтижесінде Қазақстан аумағында аталған штамдар анықталмады», - деді А. Есмағамбетова.
Өз кезегінде ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният оңтүстікафрикалық, британдық және бразилиялық штаммдарды елге кіргізбеу үшін мемлекеттік шекарада тиісті шаралар қабылданғанын еске салды.
«Сол себепті елімізге сапарлап келіп жатқан азаматтар тиісті тексеруден өтіп жатыр. Барлық өңірлерде штамдар тексеріліп отыр. Қазіргі кезде осы зертхананың жұмысы күшейтілді», - деді вице-министр.