Қазақстанда коронавирусқа шалдығу 36 пайызға төмендеді
«Бүкіл әлемде КВИ-дің 230 млн-нан астам жағдайы тіркелді. Тәулігіне 300 мыңнан астам жағдай тіркеліп жатыр, 4,7 млн-нан астам адам қаза тапты. ДДСҰ Еуропалық өңірінің мәліметтеріне сәйкес, соңғы 2 аптада 54 елдің 22-сінде ауру өсімі байқалады. Соңғы 14 күннің ішінде аурудың ең жоғары өсімі Украинада байқалып, онда 1 апта ішінде вирус жұқтыру 100 пайыздан астамға, Польша, Венгрия, Молдовада 77 пайызға, Армения, Түркия, Беларусьта 16-дан 30 пайызға дейін өсті», - деді Алексей Цой.
Оның дерегінше, коронавирус жұқтыру көрсетіші ДДСҰ еуропалық өңірлік бюросына кіретін 32 елде төмендеген. Атап айтқанда, Испанияда – 57, Швейцария, Франция және Әзербайжанда – 40, Қырғызстанда – 36, Грузияда – 32, Италияда – 28, Израильде – 21, Германияда 18 пайызға азайған.
«Қазақстанда да науқастану көрсеткішінің төмендегені байқалып, соңғы 2 аптада ауру жұқтыру көрсеткіші 36 пайызға төмендеді», - деді министр.
Алексей Цойдың айтуынша, 1 тамыздан бастап елімізде инфекциялық төсек-орындар жүктемесі 56-дан 33 пайызға, реанимациялық төсек-орын жүктемесі 45-тен 32 пайызға төмендеді. Республикада 57 ковидтік стационар жабылды.