Қазақстанда қоршаған ортаны қорғау жағдайы бойынша жыл сайынғы ұлттық баяндама шығарылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Қазақстанда қоршаған ортаны қорғау жағдайы бойынша жыл сайынғы ұлттық баяндама шығарылады

Аталған заң жобасының мақсаты ұлттық экологиялық заңнаманы Орхус конвенциясына сәйкес келтіру болмақ. Қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша шешімдерді қабылдау процесіне және әділсотқа қол жетімділікті іске асыру туралы конвенцияның (Орхус конвенциясы) негізгі функциялары қоршаған орта саласындағы мәліметтердің ақпараттық қорын қалыптастыру болып табылады. Бұдан бөлек, ақпараттарды қолдану мен жеке және заңды тұлғалардың сұрауы бойынша экологиялық ақпарат ұсыну қамтамасыз етіледі. Заң жобасына сәйкес парниктік газ шығарындыларына квота белгілеу, беру және өзгерту мәселелері бойынша Экологиялық кодекске өзгерістер енгізу күтіледі.

«Заң жобасы аясында қоғамдық есеп берулерді өткізу процедураларына өзгерістер енгізіліп, қоршаған ортаның жағдайы және табиғи ресурстарды пайдалану туралы жыл сайынғы ұлттық баяндама әзірлеу қарастырылады. Бұдан бөлек, шығарындылардың мемлекеттік тіркелімін құру көзделеді», - деді Энергетика министрі Владимир Школьник. Оның айтуынша, заң жобасына сәйкес, міндетті түрде экологиялық қоғамдық тыңдаулар өткізілетін жобалар мен экономика қызметтерінің саласы айқындалады. Сонымен бірге, табиғатты пайдаланушылармен қол қойылғаннан кейінгі бес күннің ішінде жергілікті атқарушы органның интернет-ресурстарында мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы жарияланады.

Осылайша, заң жобасымен экологиялық ақпараттардың мемлекеттік қоры арқылы қоғамды ақпараттандыру жүйесінің тәртібі қарастырылып отыр. Тұтастай алғанда, заң жобасы арқылы ұсынылатын өзгерістер мен толықтырулар квоталаудың тиімді жүйесін енгізуге, парниктік газдар шығарындыларына квоталарды ішкі саудалауға қатысты болып отыр.