Қазақстанда қой саны 2021 жылға қарай 3 миллионға өседі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қой терісін өндеу деңгейі өте төмен болып тұр. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту карталары - ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауды жетілдіру жөніндегі одан әрі шаралар» тақырыбындағы Үкімет сағатында таратылған мәліметтерден белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінше, жүргізілген талдаулар жыл сайын 7,8 млн тері шығарылатынын, оның тек 2 пайызы ғана өңделетінін көрсетті. Ал оларды өңдейтін 5 зауыт тек 5,5 пайызға (3,0 млн тері) ғана жүктелген.
«Бүгінгі күні жүн өңдейтін кәсіпорындар шамамен 12,7 пайызға жүктелген. Бұл ретте жүннің 10 пайызы ғана өңделеді»,-деп атап өтілген ведомство мәліметінде.
Осыған байланысты мал сою пункттері жанынан жаңадан 30 жүн дайындайтын және 135 тері дайындайтын бекеттерді құру көзделіп отыр. Сондай-ақ, 2 531 шалғайдағы жайылым учаскесі мен 1 747 қолдан ұрықтандыру пунктін құру жоспарлануда.
«Жұмыс істеп тұрған 2 кәсіпорынды жаңғырту және жүннің барлық түрін кешенді қайта өңдеуге мүмкіндік беретін заманауи технологияларды қолдана отырып, 1 зауыт салу көзделуде. Нәтижесінде, мал басы 2021 жылға қарай 2,7 миллионға, ал қой шаруашылығы өнімі 2 есеге (123 млрд теңге) өседі», - делінген ҚР АШМ жоспарында.