Қазақстанда криптовалюталарды қолданудың тұжырымдамасы жасалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда криптовалюталарды қолданудың тұжырымдамасы жасалды. Бұл туралы Астанада «Блокчейн реттеу: мүмкіндіктер мен тәуекелдер» атты баспасөз мәслихатында «Астана» Халықаралық қаржы орталығы қаржы технологияларын реттеу бойынша департаментінің директоры Асылбек Дәулетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қаржы технологияларының дамуына жайлы жағдайды жасау үшін АХҚО-ның негізгі міндеттерінің бірі - Қазақстанда инновациялық жобаларды, электронды коммерция мен қаржылық технологияларды дамыту болып табылады. Осыған байланысты біз криптовалюталар нарығын реттеу тұжырымдамасын құрдық. Аталған тұжырымдама мамандандырылған алаңдар арқылы виртуалды валюталарды сақтау мен қолдану бағытын реттеуді көздейді», - дейді ол.
Дәулетовтың айтуынша, АХҚО пактісінде криптовалюталар жүйесінде қолданылатын виртуалды валюта, олардың саралануы, смарт-келісімдер, цифрлық әмияндар секілді түсініктер енгізілуде. Сонымен бірге, биткойндар мен өзге виртуалды валюталардың түрі пайда болғандықтан, ICO - тиындарды бастапқы деңгейде орналастыру жүйесі пайда болған.
«Біз бөлектеу жолды таңдадық. АҚШ пен өзге де дамып кеткен мемлекеттердің қазіргі заңнамасын зерттеп көрдік. Қазіргі таңда АҚШ даму жағынан алға озып кеткен мемлекет саналады. Себебі, онда стартап-компанияларды дамытуға мүмкіндік беретін «Силикон аңғары» бар. Ол жақта венчурлық қорлар дамып кеткен. Сәйкесінше, біз осы жолды таңдап, құнды қағаздарды жеке орналастырудың режімін енгіздік», - дейді ол.