Қазақстанда құқық қорғау күштерінің дайындығын тексеруден республикалық жаттығу өтуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуші күштердің қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындау дайындықтарын тексеру жөніндегі республикалық жаттығу өтуде.
Жаттығуға Президент көмекшісі - Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Қ.П.Қожамжаров жетекшілік етеді. Шараға ішкі істер органдары қызметкерлері және ішкі әскер әскери қызметшілерімен қоса, Төтенше жағдайлар министрлігінің өртке қарсы қызметі мен басқа да бөлімдерінің, көлік және басқа ұйымдардың қызметкерлері тартылып отыр. Жаттығу жоспары бойынша мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылдары, полиция мен апаттық-құтқару қызметтерінің техникалық жарақталуы, төтенше оқиғалар орын алған жағдайдағы олардың іс-әрекет дағдылары тексеріледі. Жаттығудың барысын Үкімет басшысы К.Мәсімов қадағалайды. Күштер мен құралдардың дайындығын Қауіпсіздік Кеңесінің инспекциясы тексереді. Жаттығу қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың іс-қимылдарына баға беріледі және анықталған кемшіліктерді жою бойынша міндет қойылады.