Қазақстанда күн энергиясымен қуат алатын электромобиль станцияларының желісі кеңеймек
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада ТМД елдерінде алғаш рет электромобильдерге арналған толық автономды, күн энергиясымен жұмыс істейтін зарядтау станциясы таныстырылды. Алдағы уақытта мұндай станциялар желісін Қазақстан өңірлерінде кеңейту жоспарланып отыр.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, жаңа нысан «Алатау» спорт кешенінің аумағында орналасқан. Оны отандық «BOLASHAQ POWER» ЖШС әзірлеген.
Станция қалалық электр желісіне тәуелсіз жұмыс істейді. Нысан қуаты 100 кВт күн электр станциясы мен сыйымдылығы 645 кВт·сағ энергия жинақтау жүйесін біріктіреді. Жоба Қазақстанның Жасыл таксономиясының талаптарына сәйкес келеді.
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаевтың төрағалығымен өткен жұмыс кеңесінде мұндай станцияларды республикалық маңызы бар негізгі автожолдардың бойына, қалаларға, өнеркәсіп орындары мен басқа да инфрақұрылым нысандарына орнату мүмкіндігі қарастырылды.
— Біз жекелеген «жасыл» нысандар салумен шектелмей, төмен көміртекті экономиканың тұтас инфрақұрылымын қалыптастыруымыз керек. Онда жаңартылатын энергия көздері, электр көлігі, инновациялық технологиялар мен көміртегі жобалары бір жүйеде жұмыс істеуге тиіс. Біздің міндетіміз — жекелеген демонстрациялық жобалардан олардың Қазақстан өңірлерінде кеңінен қолданылуына көшу. Бұл ретте инвесторлар үшін экономикалық тұрғыдан тартымды жағдайлар қалыптастыру қажет, — деді Мансұр Ошурбаев көшпелі жұмыс кеңесінде.
Вице-министрдің айтуынша, ендігі міндет — әзірге жекелеген нысандарда қолданылып отырған мұндай шешімдерді Қазақстан өңірлеріне кеңінен енгізу.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі мұндай станциялар желісін дамыту Париж келісімінің 6-бабы аясындағы климаттық жобаларды көбейтуге, жеке инвестиция тартуға және көлік саласынан бөлінетін парниктік газдар көлемін азайтуға мүмкіндік береді деп есептейді.
Жоба таныстырылымы аясындағы жұмыс кеңесіне Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев төрағалық етті. Оған Көлік министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының өкілдері қатысты.
Еске салайық, бұған дейін Олжас Бектенов оңтүстік өңірлердің электр энергиясы сенімділігін күшейтуді тапсырған еді.