Қазақстанда күніне қанша нәресте өмірге келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жедел ақпаратқа сәйкес, 2016 жылы Қазақстанда сәбилер өлім-жітімі 11,6 пайызға, яғни 2015 жылы 1000 тірі туылғанға шаққанда 9,6-дан 2016 жылы 8,6-ға дейін төмендеді. Бұл мәліметтерді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Қазақстанда күніне қанша нәресте өмірге келеді

Көп жағдайда сәби өліміне перинаталдық кезеңнің асқынуы себеп болады. Сонымен бірге, 1 жасқа дейінгі балалар дамуының туабітті ақаулары, тыныс алу және қан айналым органдарының сырқаттануы себепті де қайтыс болады.

«Республикада күн сайын 1 мыңнан астам, жыл сайын 400 мыңнан аса сәби дүниеге келеді. Туу көрсеткіші соңғы 5 жылда 3 пайзыға өсті. Елімізде нәресте өлімін азайтуға бағытталған шаралардың нәтижесінде салмағы 500 грамм және одан асатын шала туған балалар өмір сүруге мүмкіндік алды. 5 жылда салмағы 1500 граммға дейінгі санаттағы балалардың тіршілікке қабілеттілігі 30 пайызға өсіп, 60 пайызға жуық көрсеткішті құрап отыр»,-делінген ведомство деректерінде.

Атап айтқанда, перинаталды көмек көрсетуде бірегей тәсілдерді қолдануды қамтамасыз ету мақсатында 300-ден астам емханалық хаттамалар халықаралық стандарттарға сәйкестендіріліп, бекітілді. Сонымен бірге, медициналық қызметкерлер оқытылып, медициналық ЖОО-да оқу және жұмыс бағдарламалары өзгертілді.

Дамудың туабітті кемістіктерін уақытылы анықтау үшін генетикалық және ультрадыбыстық скрининг жасалады. Перзентхана деңгейінде нәрестелердің есту қабілеті кемістіктерін анықтау бойынша скрининг енгізілген.