Бірнеше өңірде құрамында алтыны бар кенді заңсыз өндіру әрекеті тоқтатылды

АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Бас прокуратураның үйлестіруімен Абай, Жетісу, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарында алтын құрамды материалдарды заңсыз өндіру және өңдеумен айналысқан бес кәсіпорынның қызметін тоқтатты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстанда құрамында алтын бар кенді заңсыз өндіру әрекеті тоқтатылды
Фото: Polisia.kz

 - Тексеру барысында бұл компаниялардың тек геологиялық барлау жүргізуге лицензиялары бола тұра, арнайы техника мен өндірістік жабдықтарды пайдалана отырып, алтын құрамды кенді кең көлемде заңсыз өндіргені анықталды.​

Жүргізілген тінту шаралары барысында 6 700 тоннадан астам алтын құрамды кен, 300 тонна сұйық кен (пульпа), 120 тонна селитра, сондай-ақ жарылғыш заттар мен детонаторлар тәркіленді. Сонымен қатар оқиға орындарынан 45 бірлік арнайы техника алынды.​ Полицияға 62 адам, оның ішінде бірнеше ЖШС директорлары мен құрылтайшылары жеткізілді.​

Анықталған заң бұзушылықтар бойынша құрамында бағалы металдар бар шикізаттың заңсыз айналымы фактілері бойынша бес қылмыстық іс тіркелді. Мемлекетке аса ірі көлемде залал келтірілгені анықталды, - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Айта кетейік, «Майқайыңалтын» кенішінде қаза тапқан төрт құтқарушының ісі бойынша алдын ала сот отырысы басталады.

Соңғы жаңалықтар