Қазақстанда құрастырылған 100-ден астам локомотивтерді экспорттау туралы меморандумға қол қойылды
АСТАНА. 18 мамыр. ҚазАқпарат - Астанадағы «Дженерал Электрик» технологиясы бойынша локомотив құрастыратын зауытта 130 локомотив шығарылды.
Бұл жайында бүгін қазақстандық қамтуды дамыту бойынша «Самұрық-Қазына» қоры жанындағы қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында «Қазақстан темір жолы» компаниясының вице-президенті Ерік Сұлтанов айтты.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде аталған кәсіпорынның экспорттық әлеуеті дамып келе жатыр. Осы орайда бекітілген келісімшарттың аясында Тәжікстанға 6 локомотив жеткізілмек.
Бұдан бөлек, қазіргі кезде локомотивтер Ресей мен Эстонияда сертификациялық сынақтан өтіп жатыр. Жалпы экспортқа 100-ден астам локомотив шығару туралы меморандум бекітілді.