Қазақстанда құрылыс қарқыны артты: қай өңірлер көш бастап тұр?

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 2026 жылғы қаңтар-қазан айларында құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,1%-ға артты.

а
Фото: Ұлттық статистика бюросы

Республика бойынша орындалған құрылыс жұмыстарының 89,5%-ы жеке құрылыс ұйымдарына, 9,8%-ы шетелдік компанияларға, ал 0,7%-ы мемлекеттік ұйымдарға тиесілі.

Құрылыс жұмыстары көлемінің артуына, негізінен, имараттарды салу және жөндеу жұмыстарының 15,8%-ға өсуі әсер еткен.

Орындалған құрылыс жұмыстарының құрылымында автомобиль жолдары, теміржолдар мен метро құрылысы ең үлкен үлесті – 25,4%-ды құрады. Одан кейін тұрғын емес ғимараттар құрылысы – 21,5% және тұрғын үйлер құрылысы – 12,6%.

– Аумақтық бөлінісінде республиканың он сегіз өңірінде құрылыс жұмыстары көлемінің ұлғаюы байқалады. Едәуір өсу Ұлытау (2,3 есе), Қызылорда (30,5%), Атырау (25,7%) және Павлодар (23,8%) облыстарында, Алматы қаласында (23,1%), Түркістан (20,6%), Шығыс Қазақстан (15,5%), Батыс Қазақстан (15,4%), Ақтөбе (14,2%) және Абай (13,1%) облыстарында және Астана қаласында (11,8%) байқалады, – делінген статистикалық ақпаратта.

Биылғы он айда пайдалануға берілген жаңа нысандардың жалпы алаңы 18 млн 316,3 мың шаршы метрге жетті.

Ал пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1%-ға ұлғайып, 14 млн 919,8 мың шаршы метрді құрады.

Оның ішінде 9 млн 643,3 мың шаршы метрі көппәтерлі тұрғын үйлерге, 5 млн 212,3 мың шаршы метрі жеке үйлерге тиесілі.

Тұрғын үйлердің басым бөлігін, яғни 14 млн 178,1 мың шаршы метрін немесе 95%-ын жеке құрылыс салушылар пайдалануға берген. Соның ішінде халықтың өз күшімен салған тұрғын үйлерінің жалпы алаңы 5 млн 648,1 мың шаршы метр болды.

Өңірлер арасында тұрғын үй құрылысының едәуір көлемі Алматы облысында тіркелді. Мұнда 1 млн 107,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсім 16,9%-ды құрады.

Түркістан облысында 988,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,2%-ға көп.

Қызылорда облысында 804,1 мың шаршы метр (+4,9%), Ақтөбе облысында 760,8 мың шаршы метр (+2,2%), Жамбыл облысында 588,3 мың шаршы метр (+0,4%) тұрғын үй пайдалануға берілді.

Бұдан бөлек, 2026 жылғы қаңтар-қазан айларында елімізде білім беру және денсаулық сақтау саласында бірқатар әлеуметтік нысан іске қосылды.

Атап айтқанда, 22 610 оқушы орнына арналған 44 жалпы білім беретін мектеп, 5 437 орындық 37 мектепке дейінгі ұйым пайдалануға берілді.

Сондай-ақ бір ауысымда 328 адам қабылдауға арналған 9 амбулаториялық-емханалық ұйым іске қосылып, ауруханаларда қосымша 120 төсек-орын пайдалануға берілді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында құрылыс жұмыстарының көлемі 11,5%-ға өсіп, 7,8 трлн теңгеден асқаны хабарланған еді. Осы кезеңде 13,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.