Қазақстанда құрылыс жұмыстарының көлемі жарты жылда 4,1 трлн теңгеге жетті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында құрылыс жұмыстарының көлемі 4,1 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,2%-ға өсті, деп хабарлайды Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.
Қазіргі таңда құрылыс саласының елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 6%-ды құрайды.
2025 жылдың қорытындысында Қазақстандағы құрылыс жұмыстарының көлемі 10,7 трлн теңгеге жеткен. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 17,5%-ға жоғары.
– Мұндай өсімге ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, тұрғын үй құрылысының қарқынды дамуы және инвестициялық белсенділіктің артуы ықпал етті, – делінген министрлік ақпаратында.
Саланы одан әрі дамытудағы маңызды қадамдардың бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексінің күшіне енуі.
Жаңа құжат құрылыс сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға, цифрлық бақылау тетіктерін енгізуге және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жетілдіруге бағытталған.
Кодексте құрылыс нысандарын пайдаланудың кепілдік мерзімін ұзарту, жобалау кезінде сейсмикалық тәуекелдерді міндетті түрде ескеру, құрылыс ұйымдарын цифрлық бақылау және заң бұзушылықтарға жедел ден қою тетіктері қарастырылған.
Отандық құрылыс материалдарын өндіру саласында да өсім байқалады. Қазіргі кезде ішкі нарықтағы қазақстандық өндірушілердің үлесі 70%-дан асады. Нарық сұранысын 3 мыңнан астам кәсіпорын қамтамасыз етіп отыр.
– Биыл жалпы құны 202,2 млрд теңге болатын 48 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Соның нәтижесінде 3,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады, – деп мәлімдеді ведомство.
Құрылыс саласында бүгінде 380 мыңнан астам маман еңбек етеді. Олардың қатарында құрылысшылар, сәулетшілер, жобалаушылар, инженерлер және басқа да сала қызметкерлері бар.
Айта кетейік, Зайсандағы әуежай құрылысы аяқталуға таяп қалды.