Қазақстанда құрсақтағы баланың омыртқасына да операция жасалады - Серік Ақшолақов
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда құрсақтағы баланың омыртқасын емдейтін операциялар жасалуы мүмкін. Бүгін «Jibek Joly» телеарнасында «Сұхбат. Ләйлә Сұлтанқызымен» бағдарламасында «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқармасының төрағасы, білікті нейрохирург Серік Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жақында бізге Флоридадан танымал нейрохирург (Samer Elbabaa) келді. Осыған дейін онымен АҚШ-та танысқан болатынмын. Ол профессор жатырдағы балаға, яғни омыртқасы дұрыс бітпегендерге (Spina Bifida ауруы) нейрохирургиялық операция жасайды. Мұндай операцияны жасайтын әлемде 3-4 мемлекет бар. Аталған нейрохирург бұл бағытта біраз операцияны өткізді», - деді Серік Ақшолақов.
Осы орайда Ұлттық нейрохирургия орталығының басшысы АҚШ-тың нейрохирургтері Қазақстандағы медициналық ұйымдар жайында жақсы білетінін атап өтті.

«Профессор Қазақстанға бір күнге арнайы келіп, біздің орталықтың жұмысымен егжей-тегжейлі танысты. АҚШ ғалымы баяндама жасағаннан кейін, біздің жас мамандар өздерін қызықтырған тақырыптар бойынша жаппай сұрақтарын қойды. Атап айтқанда, біздің орталықтағы жас хирургтердің, қызметкерлердің 90 пайызы ағылшын тілін еркін меңгерген. Өздерінің ғылыми жұмыстарын шетелдегі форумдарда таныстырып, Ұлттық нейрохирургия орталығының жетістіктерін шетелде көрсетіп тұр. Осы орайда шетел ғалымы біздің жастардың әлемдік медицинадағы терминдерді, ағылшын тілін жақсы меңгергенін көріп, таңданды», - деді С. Ақшолақов.
Бұл тұрғыда ол болашақта аталған күрделі операцияны Қазақстанда өткізу жоспары бар екенін мәлім етті.
«Осы сапар аясында онымен тиісті келіссөз жүргізіп, аталған операцияны елімізде жасау жоспарын келістік. Бұл дертті уақытылы емдемесе, бала туғанда сал ауруына шалдығады. Мұндай операциядан кейін баланың паралич болмауына жағдай жасалады», - деді ғалым.
Видеодан алынған кадр