Қазақстанда құрылыстағы техникалық реттеудің толық жарамды жүйесін жасау үшін ұлттық жүйенің барлық компоненттерін реформалау қажет - С. Нокин
АСТАНА. Қаңтардың 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Қазақстанда құрылыстағы техникалық реттеудің толық жарамды, жұмысқа қабілетті жүйесін жасау үшін ұлттық жүйенің барлық компоненттерін реформалау қажет.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл ретте нормативтік базаны, сәйкестікті бағалауды, қадағалау және бақылау жүйелерін реформалауды бір мезгілде және өзара байланыстыра отырып жүргізген абзал. Белгіленген реформаның кең ауқымды және техникалық жағынан күрделі екенін негізге алсақ, жобаны іске асыруға айтарлықтай қаржылық, материалдық, еңбек және ақпараттық ресурстарды жұмылдыру қажет. Сонымен бірге, реформаның негізгі кезеңдерін орындау 2010-2014 жылдарға жоспарланып отыр», деді С. Нокин.
Оның айтуынша, реформаны жүзеге асыруда бірқатар қағидатты мақсаттар қамтылатын болады. Мәселен, құрылыс саласын техникалық реттеудің нормативтік базасының барлық сатыларына «төменнен жоғарыға қарай» қағидасы бойынша реформа жүргізілуі тиіс. Яғни, бұл ретте құрылыс нормалары мен стандарттарынан бастап салалық заңнамалық актілер жасау көзделеді.
«Осыған байланысты Агенттік жуық арада Үкіметке 2010 жылдың алғашқы тоқсанында реформа жүргізу стратегиясын және қажетті қаржы ресурстары белгіленген іс-шаралар жоспарын ұсынатын болады», деді Төраға.