Қазақстанда құрылысы аяқталмай қалған 44 үлескерлік нысан 2012 жылы салынып бітеді

Бұл туралы бүгін алқа мәжілісі барысында ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері агенттігі төрағасының орынбасары Николай Тихонюк мәлім етті.
Оның айтуынша, биыл 10 айдың ішінде 14 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 3 848 үлескердің баспана мәселесі шешілген. Жалпы 2007 жылдың 4-тоқсанынан - дағдарыс басталған тұстан бүгінгі уақытқа дейін, 62 мыңнан астам үлескері бар тұралап қалған 450 тұрғын үй кешенінің 410-ы, яғни 58 мыңға тарта үлескердің баспанасы салынып бітті.
«Осылайша, 2011 жылдың қараша айындағы жағдай бойынша, 44 үлескерлік нысанды аяқтау қажет. Оның ішінде, әкімдіктердің мәліметтеріне қарағанда, 20 нысанды 2011 жылдың соңына дейін, қалған 24 нысанды 2012 жылы салып бітіру көзделуде», - деді Н. Тихонюк.
Агенттік деректеріне сәйкес, аталмыш 44 нысанның 16-сы (3091 үлескер) Астана қаласында, 15-і (2709 үлескер) Алматыда, қалған 13-і (4002 үлескер) басқа өңірлерде орналасқан.