Қазақстанда күзгі және қысқы аңшылық маусымы басталды

Бұл туралы бүгін ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Үстеміров мәлім етті.
«Негізі күзгі және қысқы аңшылық маусымы елімізде 2017 жылғы қыркүйек айының бірінші сенбісінде ашылып, аңдар мен құстардың түріне байланысты 2018 жылдың 15 ақпанына дейін созылады. Қыркүйек айынан бастап маралға, аюға, сібіртау ешкісіне, елікке, қабанға, шілге, қарабауырға және жабайы құстарды аулауға рұқсат етіледі», - деді Қайрат Үстеміров.
Аң аулау үшін адамның жасы 18-ге толуы керек. Сонымен бірге, оның арнайы аңшылық куәлігі мен рұсат етілген құжаты болуы шарт. Шетелдіктер шекарадан аңшылық қаруын өткізу туралы рұқсат қағазымен аңшылық шаруашылықтарымен келісе отырып, аң аулай алады. Аюға және тұяқты жануарларды аулау міндетті түрде инспекторлардың қарауымен өтеді.
«Аңшылық шаруашылық субъектілері жануарлар дүниесінің объектілерін аулауға жануарлар дүниесін қолдану туралы рұқсатын алған сәттен бастап квота бойынша құқылы. Ал жеке және заңды тұлғалар аңшылық шаруашылықтарынан жолдама алғаннан кейін немесе олармен аң аулауға келісімшартқа отырғаннан кейін аң аулай алады», - дейді Қайрат Үстеміров.