Қазақстанда қылмыстық істердің саны артты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан соттарында қаралатын қылмыстық істердің саны артып отыр. Дегенмен, бүгінде екі жақтың ымыраға келуіне байланысты, қылмыс жасағандарды жиі босата бастады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулиннің айтуынша, өткен жылы сотттарға түскен 16 529 қылмыстық іс тоқтатылып, 18 854 адам жазадан құтылды.
«Олардың барлығы зардап шеккен жақпен ымырыға келіп, шығынды толығымен өтеді. Сөйтіп, ақтау үкімдерінің саны 19,2 пайызға артып отыр. Осының өзі сот төрелігін жүзеге асыру барысында адамды қамауға алу шараларының азайып келе жатқанын көрсетсе керек.
Жалпы, өткен жылы бас бостандығынан айыру жазасынан гөрі бас бостандығын шектеу шаралары басым болды. Мәселен, 8 500 адам шартты түрде сотталса, 4 636 адамның жазасы жеңілдетілді. Осылайша, түрмеде түскен адамдардың саны жағынан Қазақстан әлемдік рейтингте 62-ші орынға көтерілді», - дейді Раxметулин.
Жалпы, былтыр соттарға 51 234 қылмыстық іс келіп түскен.
Алқа басшысының айтуынша, өткен жылы соттардың жұмысына қатысты сауалнама жүргізілген болатын. Соның нәтижесі бойынша 16 мың адамның 74 пайызы сот төрелігіне қанағаттанды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының зерттеуі де соған жақын нәтижені (71,3 пайыз) көрсетті.