Қазақстанда қылмыстық кірістерге тосқауыл қоюдың жаңа тәртібі енгізілмек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.

Қазақстанда қылмыстық кірістерге тосқауыл қоюдың жаңа тәртібі енгізілмек

«Қазақстан басқа да елдер сияқты Қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатумен, терроризмді қаржыландырумен және жаппай қырып-жою қаруының таралуымен күресуге тиіс. Бұл ретте қаржы мониторингі ұлттық жүйесінің халықаралық стандарттарға сәйкес келуі маңызды. Біздің жүйе сәйкес келе ме немесе келмей ме? Бұл сұраққа біз 2021-2022 жылдары еліміз өтуге тиісті Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың (ЕАТ) Қазақстан Республикасын өзара бағалау нәтижесі бойынша жауап ала аламыз. Біз үшін бағалаудың оң нәтижелерін алудың зор маңызы бар. Осы мақсатта енгізілген заң жобасын қабылдау қажеттігі туындайды», - деді ҚР Қаржы вице-министрі Қанат Баеділов.

Оның сөзіне қарағанда, ЕАТ-тың өзара бағалауынан сәтті өту мақсатында Қазақстан Республикасы қазіргі сәтте ұлттық заңнамада іске асырылмаған бірқатар жаңа стандарттарды, оның ішінде бағалаудың өткен раунды нәтижесінде алынған ұсынымдарды заңнамалық тұрғыда бекітуі қажет. Бағалаудан өту кезінде еліміз ұлттық заңнаманың ФАТФ-тың (Қаржылық теріс қылықтарға қарсы күрес жөніндегі халықаралық топ) халықаралық стандарттарына сәйкес келетінін көрсетуі тиіс.

«Осы заң жобасының мақсаттары - Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын іске асыру тетіктерін құру, халықаралық стандарттарды енгізу және ұлттық жүйені одан әрі жетілдіру», - деді вице-министр.

Айта кетейік, ФАТФ ұсынымдары жаппай қырып-жоятын қаруды таратуды қаржыландыруға (ЖҚҚТҚ) қарсы іс-қимылға қатысты жаңа талаптарды көздейді.

Осы орайда заң жобасында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарлары негізінде жаппай қырып-жоятын қаруды таратуды қаржыландыруға (ЖҚҚТҚ) қатысы бар ұйымдар мен тұлғалардың тізбесін жасау бойынша қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның құзыретін белгілеу ескерілген. Осы тізбеге енгізілген тұлғалардың мемлекеттік шекараны кесіп өтуі туралы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің комитеттеріне хабарламалар жіберу көзделген.

ФАТФ-тың халықаралық стандарттарын іске асыру мақсатында заң жобасына коммерциялық емес секторды терроризмді қаржыландыру мақсатында пайдаланудан қорғауға байланысты жаңалықтар енгізілді. Заң жобасында Ведомствоаралық кеңес құру ұсынылады, онда ақшаны жылыстату және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін төмендетуге бағытталған шаралар әзірленеді және шараларды іске асыру нәтижесі қаралады.

«Ұсынылған нормалар алдын алу сипатында және ұлттық қаржы жүйесінің қауіпсіздігін арттыруға, ақшаны жылыстату және терроризмді қаржыландыру үшін кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарды пайдаланудан қорғауға бағытталған. Халықаралық міндеттемелерді орындау біздің еліміздің ашық қаржы жүйесі бар қауіпсіз ел ретінде инвестициялық имиджін арттыруға ықпал етеді», - деді Қанат Баеділов.