Қазақстанда қылмыстық жолмен алынған кірістер бойынша ахуал жақсармаса, Еуразиялық топтың күшейтілген шаралары қолданылуы мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда қылмыстық жолмен алынған кірістер бойынша ахуал жақсармаса, Еуразиялық топтың күшейтілген шаралары қолданылуы мүмкін.
Бұл туралы бүгін Мәжілісте Қаржы вице-министрі Ардақ Теңгебаев мәлім етті. Еске салайық, Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұсаукесері өткен еді.
Айта кетерлігі, Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ осы салада Қазақстанға бірқатар ескертулер жасаған екен. Ондай кемшіліктерді Қазақстан ағымдағы жылдың қараша айына дейін жоюы тиіс.
«2015 жылдың қарашасына дейін Қазақстанның қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ахуал өзгермесе Еуразиялық топ Қазақстанға қарсы күшейтілген шаралар қолдануы мүмкін. Мәселен, олар шетелде қандай да бір төлемдерді жүзеге асыратын азаматтардың құқықтарын шектеуі, коммерциялық банктердің шет мемлекеттердің қаржы мекемелерімен қарым-қатынасын қиындатуға, шетелдік инвесторлар үшін экономиканың инвестициялық тартымдылығының айтарлықтай төмендеуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Сонымен қатар, бұл шаралар сыртқы сауда көлемінің едәуір қысқаруына әсер етуі де жоққа шығарылмайды», - деді Қаржы вице-министрі Ардақ Теңгебаев.
Оның айтуынша, заң жобасын қабылдаудың көлеңкелі экономиканың және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар көлемінің азаюына, инвестициялық тартымдылық пен экономикалық тиімділіктің ұлғаюына ықпал ететіні болжанады. Бұл бюджетке түсетін салықтық түсімдердің ұлғаюына және азаматтар құқықтарының сақталуына жәрдемдеседі.