Қазақстанда қымбат көліктерге сұраныс бар ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда 86,3 млрд теңгеге 11 281 жаңа жеңіл автокөлік сатып алынды. Бұл туралы «ҚазАвтоӨнеркәсіп» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жеңіл автокөліктің орташа құны 7 652 231 теңгені құрады және өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 пайызға арзандады. Қазақстандық нарықта 3,5 млн теңгеден арзан көлік модельдеріне сұраныс жоғары болды. Олардың үлесіне сатылған автомобильдердің 25 пайызы тиесілі (2 817 көлік). Бір жылдың ішінде бюджеттік сегменттің үлесі 3,2 пайызға өсті», - деп атап өтілген хабарламада.

Сонымен қатар өткізілген көліктердің елеулі (19,4 пайызын; 2192 көлік) бөлігін 3,5-5 млн теңге аралығындағы орташа баға санатындағылар қамтыды. Бұдан бөлек, жаңа көлік иелерінің 19,2 пайызы 7-ден 10 млн теңгеге дейінгі (2162 көлік) автомашиналарды таңдады. Есепті кезеңде олардың үлесі 6,3 пайызға артты.

Ал 17,9 пайызы 5-7 млн теңге сомасындағы темір тұлпарларға таңдау жасаған.

«Бизнес (10-15 млн теңге) және премиум (15 млн теңгеден жоғары) санаттағы сегменттердің әрқайсысына нарықта 9 пайыздан тиесілі болды. Жалпы 10 млн теңгеден қымбат техниканың үлесі 3 пайызға қысқарып, бүгінде 18,5 пайызды құрады», - делінген «ҚазАвтоӨнеркәсіп» мәліметінде.
Қолжетімдігі жоғары модельдердің рейтингінде отандық автокөліктер басымырақ. Баға жағынан 2,59 млн теңгеден басталатын Lada Granta-ға таңдау көбірек түскен.

Ең қолжетімді автомобильдердің ТОР-10 құрамына Ravon R2 (2,6 млн теңге), Ravon Nexia (2,7 млн), Lada 4x4 (3 млн), Ravon R4 (3,1 млн), Lada Kalina (3,3 млн), Lifan Solano II (3,5 млн), Ravon Gentra (3,6 млн), Lada Vesta (3,7 млн) және Peugeot 301 (4 млн теңге) енді.

Соңғы жаңалықтар