Қазақстанда қымыз шаруашылығын дамытатын заң керек
АСТАНА. 21 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстанда қымызды дамытатын арнайы заң немесе бағдарлама керек. Бүгінгі Мәжілістің жалпы отырысында үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Алдан Смайыл осылай мәлім етті.
«Қымыз өндірісін мемлекеттік экономикалық саясат діңгегіне айналдыру керек. Мәселен, Ресейде, атап айтқанда, Саха Республикасында, аталған мәселе қымыз өндірісі туралы жеке заңмен реттеледі. Мұндай салалық заңның арқасында қымыз өндірушілерге сүт өндірушілерге қарағанда екі есе артық қаражат бөлінеді. Жеңілдетілген несие бөлінеді, ал электр және тасымалдауға кететін шығынды ішінара үкімет қайтарады», - дейді А. Смайыл.
Оның айтуынша, Қазақстанда көп ғасырлық тарихы бар сусынның ұлттық маңызы мен құндылығы бағаланбай отыр. Соның салдарынан қазақтан гөрі басқа елдер қымызды өтімді сусынға айналдырып алды. Осы ретте депутат Ресейде арнайы заңның болуы қымызды дамытуда зор нәтижесін беріп жатыр. Мәселен, ол елде бие сүтінен 500 тонна балалар тағамын өндіреді. Қымыз өндірумен 80-нен астам мамандандырылған фирма айналысады.
«Дамыған елдерде ғалымдар қымыз құрамында болатын лактоферит ақуызынан қатерлі ісікке қарсы дәрі өндірісіне кірісіп жатыр. Айталық Германияда косметикалық бұйымдар мен қымыздан балмұздақ жасайтын 50-ден астам қымыз шаруашылықтары бар. Чехия, Польша мен Франция бие сүтінен өнім өндіруге кіріспекші. Ендеше Қазақстанда да қымыз өндірісіне барынша көңіл бөліп, қымыз туралы мемлекеттік бағдарлама немесе заң әзірлеу керек», - дейді депутат А. Смайыл.