Қазақстанда қызылшаға қарсы иммундау жүргізілуі тиіс жасөспірімдердің 74 пайыздан астамына екпе жасалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 13 қазанындағы жағдай бойынша қызылшаға қарсы иммундау жүргізілуі тиіс 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастардың (316 мың 704 жасөспірім) 74,3 пайызына (235 мың 164 адам) вакцина егілді.

Қазақстанда қызылшаға қарсы иммундау жүргізілуі тиіс жасөспірімдердің 74 пайыздан астамына екпе жасалды

«Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында қызылшаға қарсы қосымша иммундау кампаниясы 100 пайыз екпе жүргізіп болды. Ақмола, Атырау, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласында 90 пайыздан астам адам вакцинацияланды. Өзге 10 аймақта (Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласы) вакцинамен қамту көрсеткіші 50-ден 80 пайызға дейінгі көрсеткішті құрайды», - деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінен.

Иммундау шараларын жүзеге асыру барысында жағымсыз жағдайлар тіркелген жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдерді қызылшаға қарсы қосымша иммундау жұмыстары жүргізілуде.