Қазақстанда қызылшаға қарсы вакцина барлық нормативтерге сәйкес келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жасөспірімдерді иммундауға қолданылатын қызылшаға қарсы моновакцина барлық нормативтік талаптарға сай келеді. Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медициналық техникаларды сараптау ұлттық орталығының мамандары осындай қорытынды жасады.

Қазақстанда қызылшаға қарсы вакцина барлық нормативтерге сәйкес келеді

«Осы орталықтың мәліметтері бойынша, Serum Institute of India (Үндістан) өндірген қызылшаға қарсы моновакцинаның еріткішпен қоса 16 физикалық-химиялық және биологиялық көрсеткіштері бойынша сынақтан өтті. Сынақ қорытындылары нормативтік құжат талаптарына сай екенін көрсетті», - делінген ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметінде.

Сондай-ақ, «ауытқыма уыттылығына», «бактериалдық эндотоксиндерге» және «зарарсыздығына» сынақтар өткізілді. Жоғарыда көрсетілген барлық көрсеткіштер бойынша вакцинаның сапасы нормативтік құжаттардың талаптарына сай келеді.

«Вакцинациядан кейін жасөспірімдер арасында тіркелген қолайсыз көріністердің себептерін зерттеу қорытындылары құрамына ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті, республикалық медициналық орталықтар, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы кеңсесінің өкілдері кірген ведомствоаралық жұмыс тобы жүргізген барлық тексерулердің нәтижелері бойынша ағымдағы жылғы мамыр айында жарияланады»,-деп атап өтілген хабарламада.

Бұған дейін хабарланғандай, бүкіл әлемдегі қызылшамен сырқаттанушылық бойынша күрделі эпидемиологиялық жағдай ескеріліп, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2015 жылғы 15 қаңтардағы қаулысымен 15 және 19 жас аралығындағылар қызылшаға қарсы қосымша иммунизациялау туралы шешім қабылданған.

Иммунизациялау барысында республиканың 5 облысында қызылшаға қарсы вакцинациялаудан кейін жасөспірімдерден 399 өтініш тіркелді. Жасөспірімдердің 264-і ауруханаға жатқызылды, бүгінде олардың барлығы емделіп шықты. Егілгендердің жалпы санының (529 мың 422 адам) ішінен өтініштердің салыстырмалы салмағы 0,07 пайызды құрады, ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметтері бойынша 15 пайызға дейін жол беріледі.

Айта кетейік, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің ағымдағы жылғы 19 ақпандағы қаулысымен қызылшаға қарсы қосымша иммунизациялау тоқтатылып, ағымдағы жылғы 2 наурыздағы қаулысымен ол 2015 жылғы 4 мамырға дейін ұзартылды.

Қазақстанда қосымша иммунизациялаудың соңғы науқаны 10 жыл бұрын (2005-2006 жылдары) өткізіліп, елімізде қызылшамен науқастану көрсеткішін жүздеген есеге төмендетуге (16 мыңнан 13 жағдайға дейін) мүмкіндік берді.