Қазақстанда лаңкестік әрекетке қатысқандардың ең жасы 17-де, ең үлкені 48 жаста болған - Зерттеу нәтижелері

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы террористің ең жасы 17-де, ең үлкені 48 жаста болған. Бүгін Астанадағы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында экстремизм мен терроризмге қарсы іс-әрекет жөніндегі зерттеулер нәтижесі туралы баяндаған саясаттанушы Ерлан Қарин осылай айтты.

Қазақстанда лаңкестік әрекетке қатысқандардың ең жасы 17-де, ең үлкені 48 жаста болған - Зерттеу нәтижелері

Қазақстандағы экстремизм мен терроризм қаупіне қатысты зерттеу өткен жылдың қараша айынан бастап ағымдағы жылғы 16 наурызға дейін республика бойынша жүргізілген. Зерттеу нысанына 227 адам қамтылды. Олардың 150-і сотталғандар. Бұдан бөлек, террористік қылмыстар бойынша қозғалған қылмыстық істерде аттары аталатын 77 тұлға да зерттеуге ілінген. Зерттеу барысында сарапшылар қылмыстық істерде айтылған тұлғалардың басым бөлігіне талдау жасады.

«Белгілі болғанындай, Қазақстандағы террористік қылмыстарға қатысты тергеуге тартылғандардың 55 пайызы 17-29 жастағыларды құрап отыр. Олардың 36 пайызы 25 жасқа толмаған болса, 35 пайызының жасы 30-39 аралығында. Террористік қылмыстар жасалған уақытта топ мүшелерінің ең жасы 17-де, ең үлкені 48 жаста болған», - дейді Е. Қарин.

Оның сөзіне қарағанда, лаңкестік топ мүшелерінің 56-сында орта білім бітіргендігі туралы аттестат қана болған. Ал «терроризм» бабымен сотталғанның бірі орта мектептің 4 сыныбын ғана бітіріпті. Сонымен қатар, террористік топ мүшелерінің үштен бірі арнаулы орта (16 пайызы) және жоғары (18 пайызы) білім иелері екен және олардың тек 6 пайызы арнайы діни мекемелерде сауат алған.

«Радикалды террористік топқа тартылғандардың басым бөлігінде арнайы діни сауаттың болмағанын осыдан-ақ көреміз. Тіпті, олардың басым бөлігінде бұл салада толық түсінік те қалыптаспаған», - деді Е. Қарин.

Бұдан бөлек, зерттеу мәліметтеріне қарағанда, террористік топтарға қатысушылардың басым бөлігі, нақтырақ айтқанда 73 пайызы жұмыссыздар болса, тұрақты жұмысы барлар 26 пайызды құрапты.