Қазақстанда лор дәрігерлері жетіспейді - Әженов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда лор дәрігерлері жетіспейді. Бұл жайында ҚР Президенті Іс басқармасы медициналық орталығының Орталық клиникалық ауруханасы хирургиялық бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Талапбек Әженов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Әлі күнге дейін елімізде лор-дәрігерлердің жетіспеушілігі байқалады. Әсіресе, балаларды емдейтін лор дәрігерлер өте аз. Бұған қоса, көптеген облыс орталықтарында, мәселен, Ақтау, Қызылорда, Атырау, Семей сынды өңірлердің емханаларында лор бөлімдері қысқарып немесе жабылу үстінде. Мұның басты себебі жасалатын отаға төленетін ақша деңгейінің төменділігі болып отыр. Ал ота жасауға қажетті медициналық құралдар мен жабдықтардың құны көтеріліп кеткен. Сол себепті қазіргі нарықтық экономика жағдайында кез келген аурухананың басшылары үшін ондай заманауи құрал-жабдықты сатып алу  тиімсіз. Сондықтан да қазіргі уақытта мұндай операциялар жасау тек үлкен орталықтарда, Астана мен Алматы қалаларында немесе ақылы медициналық орталықтарда ғана  тиісінше бағамен жасалатын болған», -  деді ол.

Оның атап өтуінше, құлақ, мұрын ауруларын диагностикалық тексеруге арналған негізгі аппараттар мен операцияға қажетті құралдардың ең жақсысы еуропалық саналады. Дегенмен, соңғы уақыттарда Израиль, Оңтүстік Корея да бұл салада біршама ілгерілеп отыр. Алайда, соңғы жылдары теңгенің долларға шаққандағы  бағамының күрт өзгеруіне байланысты бұл аппараттар мен медициналық құрал-жабдықтардың құны екі есеге өсті.

«Сол себепті кез келген медициналық мекеменің ондай құрал-жабдықты сатып алуға шамасы жете бермейді. Бұған қоса, олармен жұмыс істейтін мамандар тапшылығы да бар. Оны шешу жолы  - дәрігерлердің шетелде тәжірибе жинауына, білім алуына жағдай жасау. Ал ол үшін ең алдымен дәрігерлер тіл меңгергені жөн. Шетелде білім алып, тәжірибе жинақтап келген дәрігерлерді өңірлерге жіберіп, өз тәжірибесімен бөлісуіне жағдай жасау да жөн болар еді»,-  деді Әженов.

Оның айтуынша,  ҚР Президенті Іс басқармасы медициналық орталығының Орталық клиникалық ауруханасы Орталық Азия аумағындағы алдыңғы қатардағы мекеме саналады. Сонымен бірге  медицинасы өте жоғары деңгейде дамыған әлемнің Германия, Израиль, Польша, Оңтүстік Корея сынды елдерімен де тығыз ынтымақтастық орнатқан.

«Бізде лор операцияларының оңайынан бастап ең күрделілеріне дейін жасалады. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген науқастарға да көмек көрсетіп жатырмыз. Қазіргі күні кезекте тұрған науқастар саны 100-ден асады»,-  деді медицина ғылымдарының докторы.

Соңғы жаңалықтар